Бірлік біздің қасиетті туымыз
Тұңғыш Президент күніне орай дәл осындай тақырыпта Абай атындағы орта мектепте ауылдық округ әкімдіктің ұйымдастыруымен ұжымаралық байқау өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында өрбіген аталмыш байқаудың мақсаты – Тұңғыш Президенттің ел дамуына қосқан ерен еңбегін өскелең ұрпаққа дәріптеп, қазақтың салт-дәстүрлері мен ұлттық мұраларын жастардың бойына дарыту. Байқауда алғашқы сөз кезегі Абай ауылдық округінің әкімі Мұратбек Арыстанбековке берілді. Әкім өз сөзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында елімізде бейбітшілік орнап, татулығымыз қыр асып, әлемдегі алпауыт елдермен иық тіресе алатын қуатты да айбарлы мемлекетке айналғандығымызды сөз ете келіп, ауыл жұртшылығын мерейлі мерекемен құттықтады.
Сөз басында бұл байқаудың ұжымаралық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылып отырғандығын жазып өттік. Яғни, Абай атындағы орта мектептің мұғалімдерінен құралған топпен ауыл әкімшілігі мен ауылдық дәрігерлік амбулаторияның қызметкерлерінен жасақталған топ байқау көрігін қыздырды. 6 кезең бойынша сынға түскен екі команда тең дәрежеде өнер көрсетті. Нәтижесінде аудандық мәслихаттың депутаты Зайтуна Оразалиева бастаған қара қылды қақ жарған әділ қазылар алқасының шешімімен екі топтың көрсеткен өнерлері бірдей бағаланып, қос тарапқа да дипломмен бірге арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Марат Жолдасбекұлы.