Мониторингтік талдау жүргізілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып, солардың ішінде сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту керектігін алға тартқан болатын. «Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажет. Бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысуы тиіс» деген болатын. Бүгінде Президенттің аталмыш тапсырмасы толықтай іске асырылуда. Жергілікті жерлерде құрылған мониторингтік топтар жұмыс жоспарына сәйкес мемлекеттік мекемелердің жұмысын зерделеп келеді. Жуырда білім бөліміне қарасты мекемелерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарына сараптама-талдау жүргізген мониторингтік топ Ә.Бөкейханов атындағы орта мектептің акт залында семинар-кеңес өткізді. Жиынға топ мүшелерінен бөлек білім бөлімі мен мектеп басшылары және олардың орынбасарлары қатысты. Айта кету керек, жиынға мониторингтік топ төрағасы Серік Өтегенов төрағалық етті.
Ауданда 39 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның 8-і бастауыш болса, 28-і орта, 3-уі негізгі мектептер. Бүгінгі таңда онда 14590 оқушы білім алуда. Аталмыш білім мекемелерінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы үнемі назарға алынып отырады. Тіпті, мектептердің барлығында Заң талаптарының сақталуы және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында азаматтардың арыз-шағымдарына арналған «Сенім жәшіктері» орнатылған. Сонымен қатар, мектептерде «Адал Ұрпақ» еріктілер клубы жұмыс істеп келеді. Оған ауданның 881 оқушысы мүшелікке кіріпті. Ал, аудандық білім бөлімінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын ұйымдастыру бойынша 5 адамнан тұратын комиссия құрылып, арнайы «Сенім телефоны» қойылған. Ағымдағы жылы білім беру мекемесіне жеке тұлға өтініштері бойынша барлығы 28 арыз-шағым мен заңды тұлғалардан 13 өтініш түсіпті. Осыған байланысты білім бөлімінен жоспардан тыс комиссия құрылып, тексеру жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек, аудандық білім бөлімінің базасында «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбында білім беру мекемелерінің басшылары мен білім бөлімінің әдіскерлеріне семинар-кеңес өткізілген. Сондай-ақ, ауданда білім бөлімінің бастамасымен әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады екен. Атап айтар болсақ, «Біз коррупцияға қарсымыз» тақырыбында плакаттар конкурсы, «Адал және сатылмайтын еңбек» пен «Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» сурет салу байқаулары, «Біздің таңдауымыз заңды мемлекет» және «Мемлекеттік қызмет – өмірлік ұстаным» тақырыптарында кездесулер өткізілген. Аталмыш мәліметтердің барлығын мониторингтік топ отырысында аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Самылтыров мәлімдеп берді.
Бөлім маманының баяндамасынан кейін сөз топ мүшелері Қалдан Қойшыманов пен Мереке Айнақұловқа берілді. Аты аталған азаматттар білім бөліміне қарасты мекемелерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарына зерделеу жүргізілгендігін айтып, оның қорытындысымен таныстырды. Сонымен қатар, кей мектептердің құжат жинақтау барысында жіберілген кемшіліктері туралы да нақты атап өтті.
Жиында мектеп ұстаздары да жарыссөзге шығып, баяндама жасады. Олар өз баяндамаларында сыбайлас жемқорлықа қарсы бірлесе күрес жүргізу керектігін айтып, қоғам өкілдері ретінде Президент бастамасына қолдау көрсетуге шақырды.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.