ТАСШОЛАҚТА МЕШІТ АШЫЛДЫ

859 Views

Екі дүниенің сардары пайғамбарымыз Мұхаммед (Мұстафа) с.ғ.с. туған күні яғни мәуліт мерекесі қарса­ңында Тасшолақ ауы­лында жаңа мешіт бой көтерді. Алла үйінің ашылу салтанатында ауданымыздың бас имамы Сұлтаншәріп қажы Жадыраев және Хибатулла Тарази меші­тінің наиб имамы Бахтияр қажы Әміреев сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарына мүбәрәк болсын айтты.
Мешітті салып, ауылдас­тарын үлкен қуанышқа кенелткен Нұрлан Шахарұлы Сүлейменовке Ережеп қажы Қалиевтің атынан Мақсұт Қалиев ат мінгізді. Тасшолақ ауылының тұрғыны Үшкемпір Ақылбаев өз сөзінде: — Нұрлан балам, саған Алланың нұры жаусын! Әкең Шахарға да ауылдастарымның атынан мың алғысымды айтамын. Марқұм атаң Момынқұл да өзің сияқты жаны жомарт жан еді, сен атаңның сенімін ақтадың. Шап-шағын, үкідей ұйысқан ауылға әп-әдемі мешіт салып, оның жанына асхана тұрғызғаның сенің азаматтығың. Енді осы мешіт бос тұрмасын, Алланың үйіне ғибадат жасаса жарасады, -деді.Тасшолақ мешітінің лентасын Тараздан келген наиб имам Бахтияр Әміреев пен ауданның бас имамы Сұлтаншәріп Жадыраев қиды. Осыдан соң Бахтияр қажы жұрт алдында уағыз оқып, жұмақтың жұпар иісі ескен жұма күнгі ең алғашқы намазды жамағатпен бірге оқыды.
Намаз оқылып болған соң жиналған жұрт 250 орындық асханада даярланған ас мәзірінен ауыз тиіп, пайғамбарымыз Мұхаммед (Мұстафа) с.ғ.с. және жалпы «о» дүниелік болып кеткен әруақтарға бағыштап құран оқыды. Сөйтіп, жаңа мешіт ауыл намазхандарының игілігіне берілді. Бұл мәуліт күніне арналған ең үлкен сый болды.

Сейсенбай қажы Қожеке.
Суретте: мешіттің ашылу сәті.

Поделиться ссылкой: