Тұранның тұғырлы тұлғасы

820 Views

Биыл алаштың айтулы азаматы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың туға­нына 125 жыл толып отыр.
Тұрар Рысқұлов аса ірі мемлекет қайраткері ретінде бүкілодақтық мәселелерді шеше жүріп Қазақстан мен Орта Азияның әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша еңбек етті.
Тұрардың қазақ елі үшін атқарған жұмыс­тарының қомақтысы Түркістан-Сібір темір жолының салынуы мен оның уақытынан бұрын аяқталуы еді. Түркістан-Сібір темір жолын салуға көмектесетін бүкілодақтық комиссияның төрағасы болып бекі­тілген Тұрар Рысқұлов қазақ халқын саяси-экономикалық маңызы зор құрылысқа жұмылдыра білді. Өзі темір жол бойында пайда болған әрбір стансаның алғашқы қазығын қағып, басы-қасында болды.
1927 жылы қарашада Түркісібтің Оңтүстік учаскесінде алғашқы рельстің төселуіне байла­нысты Луговой стан­сасында салтанатты митинг болып өтті. Осы митингіге Тұрар Рысқұлов қаты­сып, жалынды сөз сөйледі.
1999 жылы 11 наурызда жұрт­шы­лықтың көптен күткен тілегі жүзеге асып, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Луговой ауданына халқымыздың біртурар перзенті Тұрар Рысқұловтың есімі берілді.
Ауданда 1 орта мектеп, елді­мекендерде 7 көше осы тау тұлғаның атымен аталады. Аудан орталығынан Тұрар Рысқұловтың тұғыры биік еңселі ескерткіші, Луговой стансасының вокзал алаңына бюсті орнатылды.
Қазақ елі өзінің ұлы перзентін ешуақытта ұмытпайды. Тұрар Рысқұ­лов есімі бізге өзінің адалдығымен, шыншылдығымен, халқы үшін қандай қиындықтан да таймай, өз мүддесінен ел мүддесін биік қоюмен бағалы.

Ерболат Садырқұлов,
аудан әкімі.

Поделиться ссылкой: