Зерделеу жұмыстары жүргізілді

937 Views

Пазыл Сүлейменов төрағалық ететін аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері жұртшылық көкейінен шығатындай жүйелі жұмыстар атқаруда.
Жуырда Қоғамдық кеңестің жұ­мыс жоспарына сәйкес кеңес мүшелері Б.Іңкәрбеков, С.Сәлімбаев, Е.Жақсығұлов, Қ.Арыстанбеков, С.Тоғаев, Р.Әбдіқадіров, С.Бекенов, Б.Танбаевтар Луговой, Ақбұлақ, Абай және Қарақыстақ ауылдарындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, зерделеу жұмыстарын жүргізген еді. Ақбұлақ шағын орталықты орта мектебінің отқазандығы газдандырылған. Әйтсе де, мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қажет-ақ. Сондай-ақ, Бәйтелі ауылынан бұл мектепке 33 оқушы автобуспен тасымалданады. Оқушыларды тасымалдайтын 2 автобуста ескі екен. Бұл мәселе жөнінде Қоғамдық кеңес мүшелері Б.Іңкәрбеков, С.Сәлімбаев, Е.Жақсы­ғұловтар аудандық білім бөліміне сұраныс хат жазып, өз ұсыныстарын берген.
Абай ауылына зерделеу жұмыс­тарын жүргізген Р.Әбдіқадыров, С.Бекенов, Б.Танбаевтар ауылдық округ әкімі аппаратынан аса бір түйіні тарқатылмаған мәселені анықтай қоймаған. Ауыл әкімі М.Арыстанбековтың іскерлігіне жергілікті жұртшылық дән риза көрінеді. Сондықтан болар, ауыл тазалығына жіті мән беретін әкімнің жұмысынан Қоғамдық кеңес мүшелері айтарлықтай кемшілік байқай қоймаған. Дегенмен, Ә.Әбішов басшылық жасайтын Абай атындағы орта мектеп ішіндегі әжетханалар қойма ретінде пайдаланылып отырғандығы анықталған. Зерделеу жұмыстарын жүргізген Қоғамдық кеңес мүшелері өз ескертулерінде: «Барлық шаруашылықтар мен мектепішілік тәртіпті қадағалап, ғимарат ішіндегі әжетханаларды тез арада іске қосып, өз бағытында пайдалану туралы ұсыныс берген.
Ал, Қарақыстақ ауылдық окру­гін зерделеген Қ.Арыстанбеков пен С.Тоғаев ауыл әкімшілігінің жұмы­сынан біраз кемшіліктерді анық­таған. Яғни, зерделеу кезінде ауыл­дық округ әкімі О.Танкеевтің ауыл­дық округтің ардагерлер ұйымы және қоғамдастық мүшелерімен бір­лесе атқарған іс-құжаттарының деңгейі төмен екендігі, әкімшілік жұмысының жоспары, хаттамалары және өткізілген іс-шаралар туралы мәліметтері толық сақталмағандығына көз жеткізген. Аталған кемшіліктерді он бес күн ішінде қалпына келтіру үшін ұсыныс берілген. Сондай-ақ, Қарақыстақ ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп пен «Күншуақ» балалар бөбекжайына да зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бұл ұжымдардың қызметтерінен ешқандай мәселе анықтала қоймаған. Зерделеу жұмысы кезінде анықталған негізгі мәселелердің тізімі ұсыным ретінде хаттамаға жазылып, оның барлығы аудан әкімінің назарына ұсынылатын болады.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: