Бюджет бекітіліп, межелі міндеттер айқындалды
Апта басында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында алтыншы шақырылған Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихатының кезекті елу бірінші сессиясы өтті. Аудандық мәслихат депутаты Арылбек Қораласбаевтың төрағалығымен өткен кезекті сессия отырысына аудан әкімі Ерболат Садырқұлов пен оның орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы, қоғамдық және ардагерлер кеңесінің төрағалары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл әкімдері, сондай-ақ, БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия отырысында Тұрар Рысқұлов ауданының 2020-2022 жылдарға арналған бюджетін бекіту, сонымен бірге, аудан тұрғындарына және ауылдық жерлерде мәдени қызмет көрсету іс-шараларын жүзеге асыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудан әкімдігі экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Ләззат Сапарбекова баяндама жасады. Ләззат Тәліпбекқызы өз баяндамасында аудандық бюджеттен бөлінген және мақсатты жұмсалған қаражаттың жиынтық сомаларын дәйекті мысалдар арқылы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Содан соң, сессияға қатысушылар екінші мәселе бойынша баяндама жасаған аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдәулет Жамалбековтың баяндамасын тыңдады. Басшының баяндамасынан ұққанымыз, үстіміздегі жылы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің іс-шаралар жоспары биылғы межеден ұлғаймаса, төмендемек емес. Айта кетейік, 2019 жылы 700-ден аса іс-шара өткізілсе, 2020 жылы да бұл меже жоспарланған межеден ауқымды болады деген ойдамыз.
Аудан орталығында орналасқан Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұжымы ілкімді іс-шараларға белсене қатысатынын жұртшылық та жақсы біледі. Бұл мекемеге арнайы жазылып, домбыра, қобыз сынды ұлттық аспаптарда ойнауды үйреніп, сабақ алғысы келетін оқушылардың қатары көп. Бірақ, мекемеде кабинет аз. Яғни, оқушы санын арттыруға ғимарат тарлық етеді. Осы өзекті тақырыпты жарыссөзге шыққан аудандық мәслихаттың депутаты Зәйтуна Оразалиева көтерді. Аталған мәселеге аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы өз ойын білдіріп, депутат көтерген мәселені жіті назарда ұстайтынын жеткізді. Алтыншы шақырылған Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихатының кезекті елу бірінші сессиясында бұдан да өзге мәселелер талқыланып, межелі жоспарлар айқындалды.
М. Жолдасбекұлы.