Балалар бақытқа бөленді

641 Views

Қай қайсымыз болса да, жаңа жыл мерекесін асыға күтеміз. Әсіресе, аталмыш мейрамға балалардың қатысуға деген ынтасы өте зор. Себебін айтпасақ та, белгілі шығар. Мейрам қарсаңында әрбір бала Аяз ата мен Ақша қарға өз өнерлерін көрсетіп, сыйлық алғысы келіп тұрады. Дәл осындай мүмкіндік жуырда аудан балаларына да бұйырды. Дәлірек айтар болсақ, өткен аптада әр округтерден келген балалар аудан әкімінің шыршасына қатысты. Айта кету керек, аталмыш шараға ең алдымен көп балалы, аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасылардың балалары қатыстырылды.

Жылдағы дәстүрге сәйкес өткі­зі­летін аудан әкімінің шыршасы биыл ерекше форматта өрбіді. Бірден айта кетейік, жаңа жылдық мейрам әдет­тегідей мектеп акт залында емес, ір­ге­сі былтыр ғана қаланған аудандық спорт кешенінде ұйымдастырылды. Бұл бастама ұйымдастырушыларға да, ба­лалар мен ата-аналарға да ыңғайлы болғаны сөзсіз.
Шара барысында аудандық бала­лар мен жасөспірімдер орталығының мамандары ертегі кейіпкерлерін сом­дап, сан түрлі сахналық қойылымдарды көрсетті. Олардың қатарында Аяз ата мен Ақша қардан бөлек, «Алдар көсе», жыл басы болуға таласқан жануарлар және тағы басқа кейіпкерлер сомда­лып, қызықты қойылымдар балаларды бақытқа бөледі.Шарапаты мол іс-шарада аудан әкімі Ерболат Садырқұлов сөз сөй­леп, ауданның кішкентай тұрғындарын жа­ңа жыл мерекесімен құттықтады. Тіп­ті, жасыл желекті шыршаны айна­лып, бүлдіршіндермен бірге жаңа жыл жырын орындады. Мерекелік кеш соңына қарай аудан басшысы Ерболат Садырқұлов жүзге жуық бүлдіршінге мерекелік қос сыйлықты табыс етті. Оның бірінде балаға қажетті құралдар болса, екінші себетке әр түрлі тәттілер салынған.
Жалпы мерекелік кеш көпте­ген әсерлі сәттерге толы болды. Ба­лаларға сыйлық таратылған сәт­тегі бүлдіршіндердің қуаны­шын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Келе жатқан жаңа жылда бұл бүлдіршіндерге барлық жақ­сы­лықты тілейміз.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

* * *

Өткен бейсенбіде №1 мектеп-лицейінде жыл сайынғы дәстүр бойынша мүмкіндігі шектеулі бала­лар мен жасөспірімдердің Жаңа жыл мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Аталмыш мектеп ұжымы мен аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бө­лімі, сондай-ақ, аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығы бірлесіп ұйымдастырған мерекелік кешке аудан әкімі Ерболат Садырқұлов жә­­не аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев арнайы барып қатыс­ты. Мерекелік салтанатта Ерболат Салқынбекұлы құттықтау сөз сөйледі. Аудан басшысы өз сөзінде: «Ескі жыл есірке, Жаңа жыл жарылқа» дегендей, төрімізге енгелі отырған тышқан жылы да өтіп бара жатқан доңыз жылы секіл­ді бе­рекелі табыстарға толы болады деген сенімдемін. Бүгінгі Жаңа жылдық кеш­ке қатысып отырған ұл-қыздарымыз­дың денсаулығы мықты болсын. Құ­дай дендеріне саулық берсін. Елімізде тыныштық пен бақ-береке орнап, мемлекетіміздің беделі арта берсін» деді. Содан соң сөз сөйлеген Тұрсынхан Есімқұлұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мүмкіндігі шектеулі ба­лаларға үлкен қамқорлық танытып отырғандығын тілге тиек етті. Бұдан кейін мерекелік кеш қызықты думанға ұласып, балалар бір сәтке болса да ертегі кейіпкерлерімен қауышты. Қызықты кеш мұнымен тоқтаған жоқ. Ортаға Аяз ата Ақша қар енген сәтте балалардың қуанышында шек болған жоқ. тіпті жайдарылана түсті. Бірі – өлең айтып, енді бірі – тақпақ оқыды. Мерекелік шара соңында 35 мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге аудан әкімінің арнайы сыйлығы табысталды.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: