Мерекелік төсбелгі табысталды

602 Views

Жазиралы Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы өңір аумағында кең көлемде тойлан­ды. Жуырда ғана тойланған бұл айтулы мере­кеге тізімге енген делегаттарды аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың өзі бастап барған бола­тын. Облыстың 80 жылдығына орай облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың іскерлігінің арқасын­да аймақтағы аудандар мен шалғайдағы елді ме­кендерде көптеген жаңа ғимараттар ашылғаны баршаңызға мәлім. Сондай-ақ, айтулы мереке қарсаңында облыстық драма театрдың алдына қазақтың мәдениеті мен өнеріне зор үлес қосқан адуынды режиссер Асқар Тоқпановтың ескерт­кіш тұлғасы қойылып, оны Кеңес Одағының және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтың өзі арнайы келіп, салтанатты түрде ашып берген еді. Бұл жайт өңір басшысы Асқар Исабекұлының мәдениет пен өнердің нағыз жанашыры екенін тағы да айқындай түссе керек.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов жастайынан еңбекке араласып, ауданымыздың экономикасына, ауыл шаруашылығы мен мәдениетінің дамуына қомақты үлес қосқан 40-қа жуық зейнеткер ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты аналары­мыз­ды құттықтап, оларды «Жамбыл облысына сіңір­ген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Өз сөздерінде марапатқа кенелген жандар аудан басшысына ризашылықтарын білдіріп жатты. Басқосудың тоқсан ауыз тобықтай түйінін Ерболат Салқынбекұлы:
– Құрметті ағалар, аналар! Облысымыздың 80 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде өтті. Оны өздеріңіз де газет бетінен оқып, біліп отырған боларсыздар деген ойдамын. Бүгін сіздерді жинап отырған себебіміз, осы мерекеге орай арнайы әзірленген кеуделеріңізде жарқырап тұрған төсбелгіні табыстау еді. Осы отырған барлықтарыңызда ауданымыз бен облысымыздың абыройының өркендеуіне сүбелі үлес қостыңыздар деп білемін. Сіздер құрметке әбден лайық жандарсыздар. Кейінгі жас буынға ағалық, аналық қамқорлықтарыңызды танытып жүргейсіздер. Аман болыңыздар. Елімізде тек қана татулық орнап, бейбітшілік заман болсын,-деген сөздермен қорытындылады.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: