Мемлекеттік наградаға ие болғандар

735 Views

Өткен жылдың соңында қырықтан аса ауданымыздың азаматтары жыл қорытындысы бойынша және облысымыз бен ауданымыздың 80 жылдығына орай марапаттарға ие болды. Солардың ішінде төртеуі жоғарғы мемлекеттік награда алды.
Олар­дың арасында ау­данымыз­дың Құрмет­ті азаматы «Ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бір­лестігі республикалық кеңесінің мүшесі болған Шорабек Атабаев та бар. Ол ауыл шаруа­шылы­ғы саласында 37 жыл еңбек ет­іп, соның 30 жылында бірінші басшы бол­ды. Кеңес өкіметі тұсында КСРО Ленин комсомолының «Еңбектегі ерлігі үшін» және «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медальдарын алса, егемендік ал­ған жылдары да көптеген Үкімет наг­радаларына ие болды. Енді осы марапаттарға республиканың «Құрметті ардагер» атағы қосылып отыр.«Ат тұяғын тай басар» демекші, осындай даңқты стахановшы ағаларының жолын қуып, жоғарғы мемлекеттік наградаға ауданымыз­дың үш бірдей азаматы ие болып отыр. Ел Президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 29-шы қарашадағы Жарлығымен Манарбек Әміреұлы Тілепов, Ләззат Советқызы Жайсаңбаева мен Арылбек Шамшабекұлы Қораласбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Манарбек Тілепов – Ауған соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз»орденінің, Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» медалінің иегері. Қатардағы құры­лысшы-инженерден аудан әкімінің орын­басары, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы лауазымына дейінгі жолды жүріп өткен ол сонау 1986-1989 жылдары Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінде, аудандық партия комитеті мен Тараз қалалық әкімі аппаратында жауапты қызметтер атқарған жүрегінде жастық жалыны бар азамат. Ал, Арылбек Қораласбаев болса бүгінгі кәсіпкерлердің көшін бастап жүрген еңбек майталманы. Ол басқаратын «Бай Алғабас» шаруа қожалығы жыл сайын масақты дақылдардан мол өнім жинап келеді. Ол өзінің әкесі Шамшабектің «Аян» шаруа қожалығына да басшылық жасайды. Арылбек бірнеше мәрте аудандық мәслихатқа депутат болып сайланып, Бай Алғабас, Құмарық, Қаракемер ауылдарының әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени және экономикалық проблемаларын шешіп қана қоймай ауылдастарына меценаттық демеушілік жас­ап келе жатқан Атымтай-Жомарт азамат.
Ләззат Жайсанбаева бол­са мәде­ниет саласының саң­лағы. Ол ұйымдас­тырған «Әдемі-ау» би ансамблі он же­ті жылдан бері халықтың ықыла­сы­на бөлен­іп келеді. 2011 жылдың «Үздік мұ­ғалі­мі» номина­циясын жеңіп ал­ған Л.Жайсанбаева бишілер ансам­бліне «халық­тық» деген атақ алып бер­іп, Түркия­да гастрольдік сапарда бол­ып қайт­ты. Ол аудандық мәс­лихат­тың, облыс­тық халықтар ассамблея­сының, облыс­тық мәдениет бас­қармасы­ның, ау­­дан әкімінің бірнеше дүркін Құр­мет Грамоталары мен Алғыс хаттарына ие бол­ған елімізге танымал ұйым.
Біз осынау ерен еңбегімен халық­тың құрметіне бөленіп, мемлекетіміз­дің жоғарғы наградасына ие болған азаматтарымызды шын жүректен құттықтаймыз! Оларға зор денсаулық, таудай табыс тілейміз.

«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: