Өрнекте шешімін күткен мәселе көп

635 Views

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Пазыл Сүлейеновтің атына Өрнек ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Байкеевтің және оның алты мүшесінің атынан сұраныс келіп түсті. Иә, бұл хатты «сұраныс» деп әспеттемей-ақ, шағым хат десе де болғандай. Өйткені бұл хатта ауыл халқының ең өзекті әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері сөз болады. Ауыл ақсақалдары Н.Ержанов, Б. Қожабергенов, Ф.Сұлтанбаев, Е.Жұмәділов,Б.Ержанов және О.Биназаровтар әсіресе, жекеменшік малға жайылымдық жер қалмағанын ашына жазады. Осы жолы Өрнек ауылдық аймақ әкімінің ескі кеңсесіне ауыл тұрғындары көп жиналды. Енді осы хатта көрсетілген келеңсіздіктерге көз жүгіртіп көрейікші: «Ауыл іргесінде мал жайылатын өріс қалмады. Бір Өрнек ауылының өзінен үш отар уақ мал яғни, он екі мың бас қой өреді, үш жүзден аса ірі қара, 350-дей жылқы малы шығады. Елді мекеннің айналасы түгел, үй іргесіне дейін егістікке айдалып тасталған. Қырқын базға дейін жоғарғы жайылымға шығу үшін прогон керек. Тау мен құмға ауылдағы жұрт азын-аулақ малын айдап шыға алмайды. Сондықтан түгін 500 теңгеден сатып алып, малына сабан беріп отыр. Құрметті, қоғамдық кеңестің мүшелері, бізге нақты жауап яғни, жайылымдық жер тауып беріңіздер?» дейді.
Иә, аудандық кеңес мүшелерімен кездесуде ауыл азаматтары осы жайы­лым мәселесін көп қозғады. Ауыл ақ­сақалы Кенжебай Аманқұлов: «Ауыл халқының күн көрісі қолындағы малы ғана. Мұнда зауыт, фабрика жоқ, ал, бүгінгі нарықтық қатынастарды түсінгендер әлдеқашан қалаға қоныс аударған. Сондықтан халыққа ең ке­регі жайылымдық жер ғана. Иә, мен түсінемін жер қазір ат төбеліндей аз­да­ған адамдардың қолында. Олардың қолында мемлекеттік актісі бар, оларға халық көк қағаздарын өткізіп қойған, содан дивидентін ғана алып отыр. Сіздер: «Жайылымдық жерді қайдан табамыз?» дейсіздер. Менің ойымша ауылдан біржолата көшіп кеткендер мен қаза болғандардың жерлерін тексерту қажет. Оны Гогольдің «Өлі жандарындағыдай» әлі де біреулер пайдаланып отырмағанына кім кепілдік бере алады? Облыс әкімі А.Мырзахметов игерілмей жатқан жерлерді қайтару туралы аудан әкімдеріне күн құрғатпай тапсырма беруде. Бәлкім осындай жерлердің есебінен бізге жайылым табылып қалатын шығар. Қалай десеңіздер де халыққа жайылымдық жер ауадай қажет. Өйткені әлемдік экономикалық-қаржылық дағдарыс келе жатқанын ақпарат құралдары арқылы оқып, біліп отырмыз»дейді ол. Бұрын жүргізуші болған ауыл тұрғыны Асан Махамбетов: «Ауыл іргесінде он бір адамға тиеселі 110 гектар шабындық жер бар еді. Онда менің де он гектардай үлесім бар болатын. Сол жер Күнтубай Арыстамбаев пен Даяновқа өткелі егістік жерге айналып кетті. Осы жерді өзімізге қалай қайтарып алсақ болады?». Жайылым мен ағын судың мәселесін Нұрислам Серікбаев пен Бақыт Көшеков те жетесіне жеткізе айтты.
Қоғамдық кеңес мүшелері соң­ғы екі мәселе бойынша зерделеу жұ­мыстары жүргізіліп жатқанын, тиісті орындардан жауап келген соң оған анық жауап берілетінін хабарлады. Хатта көрсетілген мәселенің біреуі сиырларды қолдан ұрықтандыру болатын. Азамат Ербол Жұмаділов былай дейді: «Мен сиырларға бұқа керек деген соң әрқайсысын 250 мың­нан екі «Әулиеата» тұқымды бұқа сатып әкелдім. Үйге ешкім сиырын жетектеп әкелмей қойды. Содан соң қайта сатып жібердім. Ел енді сиырға ұрық керек деді, ұрықты да, азотты да сатып әкелдім. Күні бүгінге дейін жұрт осы өнімді пайдалануда, бірақ менің бұл әрекетім ветеринариялық ережеге сай келмейді екен. Аудан әкім­дігінің ветеринария бөлімінің бас­шы­сы А.Тоқабаев қоғамдық кеңеске берген жауабында бұрынғы №256-шы бұйрықтың күші жойылып, 2019 жылдың 15 наурызындағы №108 бұй­рығы күшіне енгенін, ол бойынша ірі қара малды ұрықтандыру үшін келісім-шарт жасалған жағдайда ғана қолдан ұрықтандыруға жататынын мәлімдеді.
Өрнек ауылы ақсақалдарының хатын басынан аяғына дейін тексерген қоғам мүшелері Ә.Оңалбеков пен Е.Жақсығұловтың атынан кездесуде сөйлеген Мұратхан Ыстыбаев төмен­дегі мәселелерді мәлімдеді: «Өрнек­тегі дәрігерлік амбулатория ғимараты 1968 жылы салынған. «2008 жылы күрделі жөндеуден өтсе де жабдықтары ескі, қыста жылымайды, газ кіргізіп береміз деген, кірген жоқ» деген ақсақалдардың шағымы рас. 2017 жылы амбулаторияны қайтадан күр­делі жөндеуден өткізіп, оған «көгілдір отын» кіргізу туралы жобаға 832,8 мың теңгеге смета жасалған, бірақ бұл жоба 2020 жылдың жоспарына енгізілген». Аудан әкімі Б. Ахметов және Е.Алпысбаев көшелеріне асфальт төсеу туралы жұрттың шағымын аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі жә­не автомобиль жолдары бөлімінің бас­шысы М.Дауытбековке жүктепті. Алайда көшеге орташа жөндеу жұ­мыс­тары ғана жүргізіліп, Б.Ахметов көшесіндегі шамдар ауыстырылғанын ауыл әкімі хабарлаған.
Хатта әкімшілік ғимаратының әб­ден тозығы жетіп ескіргені, оның шаты­рын ауыстыру қажеттігі туралы қарт­тар қынжыла айтыпты.
Иә, біз сөзіміздің басында осы мәсе­лелерді: «қоғамдық кеңес шеше ала ма?» деген сауал қойдық. Бұл жерде ең күрделі мәселе жайылым болып тұр. Ал, оны шешу үшін аудандық жер қатынастары бөлімі игерілмей жатқан жерлерді анықтап, жайылымдық жерлердің неге егістік жерлер қатарына қосылып кеткенін, қожалықтардағы жерлерді пайдалану банитеттерін тереңірек зерделегені жөн-ау. Сонда ғана Өрнек ауылы тұрғындарына қажетті жайылымдық жер мәселесі өз шешімін табады деп ойлаймыз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, аудандық қоғамдық кеңеске түскен хаттың артында бір қауым ел тұр. Оны шешуге ықпал ету үшін қоғамдық кеңес мүшелері аудан әкімінің бөлімдері алдына бұл мәселелерді ұсыныс ретінде жолдайды. Халық сенімінің ақталуы олардың табандылығы мен талапшылдығында жатыр деу керек шығар.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: