Құланның келбеті жасарып келеді

719 Views

Бейсенбі күні бекітілген жұмыс алгоритміне сәйкес аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Құлан ауылдық округіне қарасты Қарақат елді мекеніне барып, ауылдың ардагерлер алқасының төр­ағасы Үмбет Жанәділов ақсақалмен жүздесті. Қарақат ауылына ауыз су жүйесі және көгілдір отын тартылған. Яғни, Қарақыстақ пен Жаңатұрмыс ауылының жұртшылығы секілді бұл елді мекен тұрғындары отын жағып, көмір сатып алып отырған жоқ. Ең бастысы, осыған шүкіршілік етеді жергілікті тұрғындар. Әрине, Қарақат ауылында проблема мүлде жоқ деп айтуға болмас. Соның бірді-екілісін Үмбет ақсақал аудан басшысына жіпке тізіп айтып берді. Ол өз сөзінде:
– Ауылымыз жыл өткен сайын жа­ңарып келеді. Оны жасырмаймын. Бірақ, әттеген-ай деген тұсымыз да жоқ емес. Мәселен, мынау біздің №2 шағын орталықты орта мектеп ғима­ратымыз. Мектептің спорт залы жоқ. Негізінен, бұны біз біраз жыл­дан бері сөз етіп келеміз. Алайда, нә­­тиже болмаған соң өзіңізге айтып отыр­­мын. Одан кейін, өткен жылы мек­те­біміздің 20 жылдық түлектері өздері қаражат жинап, ауыл кіреберісіне алып «Бәйтерек» орнатты. Бірақ сол «Бәйтеректің» маңайы сәл жұпыны бо­лып тұр. Енді соның айналасын қор­шап, абаттандырып, көгеріштендіру жұмысына өз ықпалыңызды тигізсеңіз, сізге шексіз риза болған болар едік,-деді зейнеткер.
Аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлы ақсақал сөз еткен алғашқы мәселемен жете таныс екенін айтып, алдағы уақытта бұл мәселені оңтайлы шешуді көздеп отырғанын жеткізді. Ал екінші мәселе турасында шаруа қожалығының иесі қарсылығын білдірмесе, оны да қолдауға әзір екенін айтты. Одан кейін, аудан әкімі Ерболат Садырқұлов пен Құлан ауылдық округінің әкімі Мұрат Иманбаев Қарақат елді мекеніндегі Ә.Сүлейменов, Б.Икрашев, Сарыби көшелерін аралап, бұл көшелерге жарықшам орнатып, асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін көрді. «Биыл үшеуі болмаса да, біреуі міндетті түрде асфальтталатын болады» деді Ерболат Салқынбекұлы өз сөзінде.
Одан кейін Ерболат Садырқұлов аудан орталығы болып есептелетін Құлан ауылындағы К.Әзірбаев, Ә.Мол­дағұлова, Жангелді көшелерінің, сондай-ақ, орталық Жібек жолы көшесінің бойындағы майдангерлер құрметіне қойылған «Же­ңіс» саябағының ішкі тазалық жұмыс­тарымен және жабылып қалған «Жауқазын» бала­лар бақшасы ғима­ратының жай-жапсарымен таныс­ып, Құлан агротехникалық кол­лед­жі­нің басшылығымен тілдесті. Осы ретте, Құлан ауылында орна­­ласқан көше­лердің жай-күйі толы­ғымен ше­шіл­месе де, көбісіне асфальт төсе­лі­ніп қойғанын айту ләзім. Алай­да, тө­селінген асфальттың жыл өтпей жа­тып, тоз-тозы шығып жатқандығын қат­­ты сынға алды аудан басшысы. Сая­бақ­тағы тазалық жұмыстары да көңіл көншіт­пейді. Бұл мәселе бойынша Ер­болат Садырқұлов аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолау­шылар көлігі және автомобиль жол­дары бөлімінің басшысы Мақсат Дауыт­бековке асфальттың сапасын жіті бақылауда ұстап, мердігер компания­лармен бірлесе отырып, нәтижелі жұмыс жасау қажеттігін ескертті.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: