Ботулизмнің алдын алу
23 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Кеше аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Қорағаты және Ақбұлақ ауылдық округтеріне барып, жыл бойы атқарылған жұмыстарды тізбектеп, халық алдында есеп берді. Ауылдық округ әкімдерімен бірлескен есеп жиындарына елдімекен тұрғындарынан бөлек аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат және бөлім басшылары қатысты.
Елімізде өткен жылы үлкен өзгерістер орын алып, бірқатар басшылардың жұмыс жүргізу тәртібіне түзетулер енгізілген болатын. Солардың қатарында әр түрлі деңгейдегі әкімдер де бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін ұстағалы аймақ пен өңір және елдімекендегі әкімдердің жұмыстарына өзгерістер қажет екендігін алға тартқан еді. Дәлірек айтар болсақ, әкімдердің халықпен жүздесу жұмыстары тым аз екенін сынға алып, оны дереу ретке келтіруді тапсырды. «Қоғамдағы әділеттілік, ең алдымен, атқарушы билікке байланысты. Үкіметтің, министрлердің, барлық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың басты мақсаты — азаматтардың құқығын қорғау. Жергілікті басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек» — деген еді. Ел Президентінің аталмыш тапсырмасы өткен жылы өз деңгейінде орындалып, облыс және аудан басшылары шалғайда жатқан ауыл-аймақтарды аралап, жергілікті жұрттың тыныс-тіршілігімен жақын танысты. Нәтижесінде қарапайым халық пен билік арасында тығыз қарым-қатынас орнап, бірқатар ауқымды жұмыстар іске қосылды. Тұрғындардың ұсыныс-тілектеріне құлақ түріп, оларға нақты жауап қайтарылды. Аудан басшылары мұнымен шектеліп қалған жоқ. Олар халық тарапынан көтерілген мәселелерді хаттамаға енгізіп, сол бойынша ауқымды жұмыстар жүргізді.Өткен жылы Жамбыл облысы жергілікті атқарушы органдарының жұмыс алгоритмін басшылыққа алып, он бес ауылдық округке барып, тұрғындармен кездескен аудан әкімі елдімекендерді аралауды қайта бастады. Бірақ, бұл жолғы бағыты тіптен бөлек. Ерболат Садырқұловтың округтерді аралаудағы басты мақсаты – жылдағы дәстүрге сай жыл бойы аудан аумағында атқарылған жұмыстарды саралап, ауылдық аймақ әкімдерімен бірлесіп, халық алдында есеп беру.
Есеп беру жиыны алғаш болып, Қорағаты елдімекенінде өткізілді. Ең алдымен халық алдында ауыл әкімі Бақытбек Әбіләзімов есеп беріп, ауылшаруашылығы, білім беру, кәсіпкерлік, әлеуметтік салаларына кеңінен тоқталды. Ауыл әкімінен кейін қорағатылықтар аудан басшысының баяндамасына құлақ түрді. Ауданның экономика, бюджет, ауылшаруашылығы, ветеринария, жер қатынастары, ауыз су мен газ, тұрғын үй, құрылыс, білім, денсаулық, жастар, дін істері, мәдениет және спорт салаларына қатысты жұмыстарды мәлімдеген аудан әкімінің баяндамасынан тұрғындар аудан дамуында оң өзгерістер көп екенін аңғарды. Әсіресе, ауыл халқына көгілдір отынға қатысты атқарылған жұмыстар өте қызықты болды. Өйткені, Қорағатыға әлі күнге дейін көгілдір отын тартылмаған. Бірақ, аталмыш елдімекен жақын арада газ тартылатын алты ауылдың қатарына кіреді. Дәл осылай айтқан аудан әкімі ауыл халқын бір қуантып тастады.
Жиын барысында тұрғындарға да сөз беріліп, ауыл халқы мектептегі домбыра үйірмесін қайта ашу, алтын өндіруші компанияның ауылға қол ұшын созуы, ауданға барар жолға жөндеу жүргізу сынды мәселелерді көтерді. Тұрғындар арасында аудан басшыларына алғыс айтқысы келетіндер де табылды. Солардың қатарында Гүлмира Исаева да бар. Ауыл тұрғыны денсаулық саласына айрықша тоқталып, өткен жылы 10 келушіге арналған медпункттің іргетасы көтерілгенін, қазіргі таңда ғимараттың халыққа пайдалануға берілгенін атап өтті. «Қорағаты аудан орталығынан қашық болғандықтан, осы күнге дейін тұрғындар ауылға дәрігер мен жедел жәрдем көлігінің керектігін жыл сайын алға тартатын. Бұл мәселе құрметті Ерболат Салқынбекұлы сіздің ықпалыңызбен өз шешімін тапты. Жаңа жылдан бастап ауыл тұрғындарына жалпы тәжірибелі дәрігер мен жедел жәрдем көлігі қызмет етуде. Жақында ғана жедел жәрдем көлігі аяғы ауыр келіншектерді ауданға тегін апарып, қайта алып келді. Тұрғындарға тегін дәрі-дәрмектер беріліп те жатыр. Сол үшін де сіздерге айтар алғысымыз шексіз. Жасаған әрбір жұмыстарыңыз жемісті болсын» деп ризашылдығын білдірді.
Аудан басшысына алғысты Қорағаты тұрғындары ғана айтқан жоқ. Аудан әкімінің баяндамасын тындап, атқарған жұмыстарын жоғары бағалағандардың қатарында Ақбұлақ ауылдық округінің тұрғындары да бар. Аудан және ауыл әкімдерінің бірлескен есебін тыңдаған ақбұлақтықтар жылдық есепке «қанағаттанарлық» деген баға берді. Әсіресе, Қызылшаруа ауылының тұрғыны Орынбасар Дәуенов соңғы жылдары ауданның әлеуеті жақсара түскенін және құрылыс қарқыны артып, өндіріс өнеркәсібіндегі жетістіктерді БАҚ беттерінен оқып жүргенін айта келе, аудан басшысына алғысын жеткізді.
Аудан басшысы әлеуметтің әлеуетін арттыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын алға тартты. Жиын соңында халықты бірлікке, ел мүддесі жолында аянбай еңбек етуге шақырды.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.