Егемен елдің ертеңі – ерікті жастар

1 391 Views

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өр­кендеуінің негізі» атты Қазақстан хал­қына арнаған Жолдауында 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялаған бола­тын. Тіпті, Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «Еріктілер жылында» ел ау­мағында қандай жұмыстар атқарылуы қажеттігін жік-жігімен саралап, оның 7 бағытын атап айтқан еді. Президент тапсырмасының негізінде қазір осы 7 бағыт бойынша республика аумағында еріктілер корпустары құрылып, жа­лынды жастар ауқымды жұмыс атқа­руды бастап кетті.
Сәрсәнбі күні аудандық Мэлс Өзбе­ков атындағы мәдениет үйінде Ерік­тілер жылынының басталуын наси­хат­тау бойынша аудандық Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері іл­кімді іс-шара ұйымдастырды. Ұйым­дастырушы тараптың қызметкерлерімен бірге белсенді әрі ерікті жастар қатысқан шараның шы­мылдығын аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов сөз сөйлеп, ашып берді.
«Құрметті ерікті жастар, волонтерлік топ мүшлері! Баршаңызға белгілі, 2019 жылдың мамыр айында Қостанайда өт­кен Қазақстан-Ресей жастарының фо­румында «Ұлттық еріктілер же­лісі» ұйымының төрайымы Вера Ким 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауды ұсынған еді. Бұл ұсы­нысты Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев ел Президенті ретінде қол­дайтындығын да айтқан болатын. Мінеки, көріп отырғандарыңыздай, сол ұсыныс Президент қолдауына ие болып, Жолдауда жарияланып отыр. Қымбатты жастар! Тәуелсіздігімізді нығайтып, елдігімізді одан әрі өркендету – жас ұрпақтың қасиетті борышы деп білемін. Сондықтан біз сіздерге зор сенім артамыз. Мемлекетіміздің келешегі – өздеріңіз. Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы. Ұрпағын ая­лай білген халық іргелі жұртқа айна­латыны белгілі. Біз, халқымызды әлем­ге танытқан ең асыл қасиеттерді сіз­дердің бойларыңыздан көргіміз келе­ді. Ел дамуына қосар үлестеріңіз көп болсын. «Еріктілер жылында» жар­қын істер мен игі бастамалар кө­бей­сін» деді өз сөзінде Бейсенбек Әшім­алыұлы. Содан соң аудандық «Жас­тар ресурстық орталығы» КММ жаны­нан құрылған «Жалынды жастар» ерік­тілер корпусының президенті Азат Келтірбай, «Парыз» қоғамдық бір­лестігінің төрағасы Әлі Бекқұлы, «Па­ра­сат» волонтерлік корпусының мү­шесі Шерхан Кененов, «Жан жы­луы» қайырымдық қорының негізін қа­лаушы, жеке кәсіпкер, ерікті аза­маттардың көшбасшысы Жәнібек Жү­сіпов бағдарлы баяндама жа­сап, шараға қатысқан жалынды жас­тар­дың қошеметіне кенелді. Шара бары­сында тарихшы, «Парыз» қоғамдық бір­лестігінің төрағасы Әлі Бекқұлы «Жа­лынды жастар» еріктілер кор­пу­сының мүшелеріне куәлік табыс етті. Жиын соңы аудандық мәдениет үйі көркемөнерпаздары дайындаған кон­­церттік бағдарламамен қорытын­дыланды.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: