Көрікті жырдың Кербұғысы

470 Views

Дархан көңілді қазақтың тари­хын­да талайды тамсандырған ақындар көп болған ғой. Десе де, қазақ поэзиясында қара өлеңді өрнектеген бірегей ақын Мұқағали Мақатаевтың есімін солардың ішінен біз бөле жарып айтамыз. Мұқағали даланың даналығын сезінген дара талант. Оған ешкімнің де күмәні болмауы тиіс. Өйткені, «Мен дауылдың ұлымын, Тұра алмаймын дауылсыз» деп қайсар рухты Қасым ақын айтқандай, оның отты жырларынан дауылпаздың үні аңғарылады. Сондықтан да ол – Мұқағали болып тарихта қалды.
Сырым да – осы,
Жырым да- осы
Алдыңда.
Байқашы бір,
Бықсыдым ба жандым ба?
…Махаңдар жоқ,
Махаңдардың сарқыты
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!
Қарасазда туып өскен Мұқағали Мақатаев қырықтың қырқасына шыққанмен, елудің етегінен ұстап үлгермеген ақын. Небары 45 жас ғұмыр кешті. Алайда, творчестволық өмірбаян тұрғысынан келсек, біздіңше, ақиық ақын айтарын айтып, жазарын жазып кеткен ақындар санатында. Оның өлеңдері жас талғамайды. Жастың да, жасамыстың да Мұқағалидың жырларын жатқа айтуы сондықтан.
Қазір мейлі ол қай сыныптың оқушысы болмасын, ақын өлеңдерін жатқа сұрай қалсаңыз, кемінде бір өлеңін судыратып айтып береді. Кезінде оның өлеңдерін бағаламай, ақындық қасиетіне сын айтқандар да табылған деседі. Оны ақын күнделігіндегі «Ей безілдектер! Сендер емессіңдер маған баға беретін! Нағыз бағалаушылар әлі алда. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, біздің әрқайсымызды солар орнымызға қояды. Мен өзім жайында мынаны айтамын: мен XXI ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтарының туысымын да…» деп жазғанын-ақ аңғаруға болатындай.
Бүгінгі таңда қай ақын көп оқылады десек, мүдірместен ауызға Мұқағали оралады. Қазақы жырдың қаймағын поэзия әлемінде қайта тулатқан жыр дүлділі Мұқағали Мақатаевтың есімі әрқашан қазақ халқымен үндес. Және мына фактіні біз айрықша атап өткіміз келеді. Қанша жыл өтсе де, Мұқағали жыры көрікті жырдың көші болып қала бермек.

М.Диханбай.

Поделиться ссылкой: