1 765 Views
өткен семинар-тренинг
Семинар Мэльс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет Үйінің «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде өтті. Келелі кеңесті аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиева ашып, жиналғандарды «Асыл мұра» жобасының мақсатымен таныстырды.
— Волонтер – бұл еріктілер, сондықтан болар туған жердің тарихын тереңірек зерттеп, киелі және сокралды жерлердің географиясын қайта жаңғырту үшін «Жастар ресурстық орталығы» еріктілер корпусын құрып, енді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Волонтерлер жылына» байланысты ұсынған жеті бағыты бойынша жұмыс істейтін болады. Ол: білім, сабақтастық, саулық, үміт, таза әлем, асыл мұра, қамқор деп аталатын 7 жобаны құрайды. «Асыл мұра» жобасы солардың бірі болып табылады. Аудан жастары қазір «Туған жердің тарихы – тұнған шежіре» атты тарихи-танымдық экспедицияны бастап та кетті. Аудан көлемінде 77 археологиялық ескерткіш бар. Бұл анықталғаны, анықталмағаны қаншама. Сондықтан «Жалынды жастар» деп аталатын еріктілер корпусы тарих қойнауында жасырынып жатқан көненің көздерін жарыққа шығарып, халыққа таныстыруы қажет,-деді Л.Өтеулиева.
Одан соң аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Елдар Өтембаев өңірдегі тарихи-мәдени мұралар туралы айта келіп, ежелгі қорымдар мен қала орындарына белгі тақталар орнату мәселесін сөз етті. Ал, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдәулет Сүйерханұлы Жамалбеков аудан аумағындағы сәулет және археологиялық және монументальды ескерткіштер мен мүсіндерді қорғау және оларды қоюға байланысты талаптар жәйлі айтты. «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Бахтияр Дидарұлы Асқар өлке тарихын зерделеу бойынша құрылған экспедиция мүшелерінің 17 бағыт бойынша жұмыс істеп жатқанын, Құлан қамалынан бастап Қарақыстақ, Өрнек ежелгі қалаларында болып, биылғы жылы тау сілемдерінің ең биік нүктесі «Дегерес шыңын» бағындыру марафонын өткізгелі отырғанын баяндады. Сөйтіп, «Құланның киелі мекендері» деген кітап шығаруды көздеп отырғанын мәлім етті.
Семинар-тренингке тарихшы-өлкетанушы, жазушы, журналист Сейсен Қожеке қатысып, ерікті жастарға келелі кеңес беріп, орны мен оябы бөлек ой қозғады. Басқосуда Ақбұлақ орта мектебінің мұғалімі Момынтаева мен Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің оқушысы Аружан Қайратқызы орынды пікір қозғады. Негізінен семинар-тренинг алдағы «Волонтерлер жылында» атқарылатын іс-шараларға пайдалы бағыт-бағдар берді. Сонысымен ол құнды болды.
С.Шамин.
Поделиться ссылкой: