Аудан прокуроры қоғамдық қабылдау өткізді

912 Views

Қаңтар айының 29-ы күнінен бастап ауылдық округтердегі жұртшылықтың мұң-мұқтажы мен тұрмыс-тіршілігін анықтау, сондай-ақ, бюджет қаражатының тиісті деңгейде орындалуы бойынша ауылдық округ әкімдерінің жұмысын зерделеу мақсатында Тұрар Рысқұлов ауданының прокуроры Дәурен Раймқұловтың ағымдағы жылдың I жартыжылдығына арналған көшпелі іс-шаралар кестесі белгіленген. Бекітілген кестеге сәйкес, сәрсенбі күні ауданның бас прокуроры Дәурен Қуатбекұлы 10 мыңнан аса тұрғыны бар Луговой ауылдық округін басқарып отырған Мұрат Свановпен бірге ауыл тұрғындарын жеке сұрақтар бойынша тыңдап, қоғамдық қабылдау өткізді. Ауылдық округ әкімшілігінің ғимаратында өткен қоғамдық қабылдау барысында жергілікті тұрғындар Дәурен Раймқұловқа бірқатар сұрақтар қойды.
Мәселен, ауыл тұрғыны Бекмұрат Ұзақбаев темір жол өткеліне аспалы көпір орнату жайын мәселе етіп көтерсе, Зульфия Байманова Дәурен Қуатбекұлының қоғамдық қабылдауына ауылдағы Әбіқұл Болыс көшесіне асфальт төсеу қажеттігін айту үшін жазылыпты. Ал Берікқұл Керімқұлов бастаған бес-алты кісі жеке тұрғын үйлерінің жер телімдерін рәсімдеу бойынша заңдық тұрғыдан кеңес алуды ұйғарған екен. Тұрар Рысқұлов ауданының прокуроры Дәурен Раймқұлов қойылған сұрақтардың барлығын ыждахаттылықпен тыңдап, өзінің білімділігін, жұмыс тәжірибесінің мол екенін ұқтырып, тұрғындарға заңдық тұрғыдан тұшымды кеңестер айтты. «Әділ заң – тірегің» деген қағиданы жұқамыр жүрекке берік сақтап, жұмыс барысында іскерлікті көздейтін аудан прокурорына жергілікті тұрғындар шексіз ризашылығын білдіріп, алғыстарын жаудырды.

                                                                                                                                           Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: