Ботулизмнің алдын алу
23 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Жуырда облыстық арналар мен басылымдардың журналистері арнайы сапармен ауданға келді. Ондағы мақсат – Жамбыл облысы әкімінің бастамасымен қолға алынып, Президенттің қолдауына ие болған, Үкімет отырысында мақұлданған пилоттық жобаның бүгінгі жай-күйін бағамдау. Сонымен қатар, шаруалардың тыныс-тіршілігін облыс жұртшылығына БАҚ-ы арқылы жеткізу, ақпарат беру баспасөз-тур мүшелерінің басты назарына алынған.
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы ауданымыздағы Құмарық ауылдық округінде қарқынды түрде іске асырылуда. Осы күнге дейін ауыл тұрғындарының 130-ға жуығы жобаның тиімді шарттарын пайдаланып, қомақты қаржыға ие болған. Жоба бюджетінен бөлінген қаржыға тұрғындар өздері таңдаған төрт түлікті сатып алып, қорасына кіргізіп үлгеріпті. Соның арқасында ауылдағы мал басының саны күрт ұлғайып, тұрғындар осы күнге дейін жоба аясында 42 сиыр, 98 жылқы, 1250 қой сатып алған.
Жоба арқылы жылқы алып, қорасына қой кіргізген тұрғындардың бірі – Рита Әубәкірова. Алғабас ауылының тұрғыны 4 000 000 теңге несие алып, оған 50 қой және 1 жылқы сатып алыпты. Ауыл кітапханасының қызметкері жобаның жақсы тұстарын айтып, баспасөз-тур мүшелеріне өз ойын жеткізді. «Біз осы күнге дейін үй іргесіндегі жерімізді пайдаланып, күркетауық өсірумен айналысып келдік. Ол ісімізді әлі де жалғастырып келеміз. Енді оған қосымша мал өсіруді қолға алып отырмыз. Сатып алған қойларымыздың онға жуығы төлдеп те үлгерді. Ендігі біздің мақсатымыз – мал басын көбейтіп, оны бордақылап, ет бағытында ауқымды жұмыс атқару» деген ауыл тұрғыны облыс басшысы Асқар Мырзахметовке алғысын жеткізді. Пилоттық жоба авторына алғыс айтқандардың қатарында Алғабас ауылдық мектебінде ұстаздық қызмет ететін Жамбыл Серікбаев та бар. Білім ошағында алғашқы әскери дайындық пәнінен дәріс беретін мұғалім бұрындары да біршама бас малы болғандығын жеткізді. Тек жаңа үй салу үшін қолындағы малының бәрін сатуға мәжбүр болған. «Ауылдан жаңа үй тұрғызу үшін қолдағы бар малды сатқан болатынмын. Қораңда мал тұрса, шаңырағыңнан береке кетпейді ғой. Шынымды айтайын біраз уақытқа дейін қатты қынжылып жүрдім. Күндердің бір күнінде ауыл әкімшілік қызметкерлерінен «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы жайлы естідім. Шарттарымен таныса келе, қайта мал ұстауға мүмкіндік туғанын түсіндім. Төрт түлігімді сатып, соққан үйімді кепілге қойып, жобадан 5000000 теңге қаржы алдым. Оған 5 жылқы, 4 сиыр, 40 бас қой алдым. Екі сиырым бұзаулап та үлгерді. Жылқыларды бордақылап, қойдың басын көбейтуді көздеп отырмын» деп алдағы жоспарларымен де бөлісті. Жамбыл Рәпілбекұлы жобаның екінші бағыты бойынша да жұмыс істеуді мақсат етіп отыр. Нақтылап айтар болсақ, ол өзіне тиесілі үй іргесіндегі 96 гектардың 60 гектарына жоңышқа егуді көздесе, қалған алқапқа бау-бақша егуді жоспарлап отыр екен.
Жобаның екінші бағыты бойынша жұмысын бастаған тұрғындардың бірі – Қойшыбек Егембердиев. Ауыл ағасы Құмарықта таңқурай өсіруді жөн санапты. Тіпті нағыз кәсіпкер ретінде алатын өнімін алдын ала есептеп қойған. Алғашқылардың бірі болып, ауласындағы бос жатқан жерге 1000 түп таңқурай отырғызған ақсақал бақшаның бабын табуды бұрыннан біледі. Он жыл бұрын өз кәсібін бастаған ел ағасының жерінде алма, алхоры, шабдалы секілді жеміс ағаштары тігілген. Бұдан бөлек, жеміс-жидек пен көкөністің көптеген түрін егіп, бақшаны отбасылық табыс көзіне айналдырған. Ақсақал еккен таңқурайынан алғашқы жылдары жарты тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап отыр.
Қойшыбек ақсақалдың жұмысына сәттілік тілеген баспасөз-тур мүшелері Құмарық ауылының тұрғыны Айдын Тілеуханның шаңырағында да болды. Жобаға қатысып, 4 700 000 теңгеге ие болған жас жігіт қорасына 5 жылқы және 2 сиыр кіргізіпті. Айдын да ауылдастары секілді мал басын көбейтіп, ет және сүт бағытында жұмыс істеуді көздеп отыр. Ал, ауыл тұрғыны Бексұлтан Әсембек екі жыл бұрын шаңырақ көтерген. Жұбайы Элянора екеуі қызды болғаннан кейін отауын жеке тігіп, бөлек шығыпты. Бексұлтан жас болса да, үлкен қадам жасағанға қаймықпай, жобаға қатысуға ниет танытқан. 3 500 000 теңгеге қол жеткізген жас отбасы аталмыш қаражатқа 3 сиыр, 50 қой алыпты. Алған сиырының біреуі бұзаулап, қойларының онға жуығы қоздап үлгеріпті. «Қазіргі ауыл жастары қалада жұмыс істеп, тұрмысын түзеп алуды көздейді. Бірақ, менің ойымша қалаға бармай-ақ, ауылда дәл осындай жобаларды тиімді пайдаланып, табысты арттыруға болады. Сондықтан да өзім секілді ауыл жастарына ауылға оралып, жобаға қатысуға шақырамын» дейді Бексұлтан.
Тілшілер тобы ауылда құрылған «Құмарық-Тау» кооперативінің жұмысымен де танысты. Жуырда ғана 17 дана техникаға алған кооператив мүшелері жаңа техникаларға қосалқы бөліктерін жалғап, көктемдік дала жұмыстарына қызу дайындықтарын бастап кетіпті. Құрамында 375 мүшесі бар кооперативке Еркін Сәрсебаев есімді азамат жетекшілік етеді. Ауылшаруашылығы кооперативінің атқарушы директоры 10-15 күнде өз жұмыстарын бастайтынын жеткізді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.