Ардагерлерге құрмет көрсетілді

653 Views

Жуырда аудандық ішкі істер бө­лімінің мәжіліс залында үлкен жиын өтті. Оған Жамбыл облысы ішкі істер органдарының жанынан құралған «Ардагерлер ұйымының» төрағасы Т.Шералин келіп қатысып, ауданда құқық қорғау саласында қызмет еткен ардагерлермен кездесті.
Жамбыл облысы ішкі істер орган­дарының ардагерлер ұйымының төр­ағасы Т.Шералин кездесу барысында ең алдымен өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, кеңінен ақпа­рат берді. Әсіресе, қызмет бабында жүріп, мүгедек атанған ардагерлерге барынша қолдау көрсетіліп жатқа­нын да сөз етті. Сонымен қатар төраға ұйым­ға мүшелікке кіру және оның жауапкершілігі мен артықшылығына да тоқталды. «Өкінішке орай арда­гер­­лер ұйымына кіріп, кейіннен оның шарттарын орындамай жататын арда­герлеріміз де бар. Алдағы уақытта оларға шара қолдануды жоспарға қой­ып отырмыз. Жылдық жарнаны тө­леп отырған ардагерлерімізге қолдан кел­генше көмек беруге де әзірміз. Тіпті, олар ұйымның шарттары мен жеңіл­діктерін тиімді пайдаланып, көпте­ген игі бастамаларға қол жет­кі­зуіне то­лықтай мүмкіндіктері бар» дей ке­ле, бірқатар ардагерлерді арнайы төсбел­гі­лермен марапаттады. Солардың ішінде Еділхан Жақсығұлов та бар. Еділхан Бегалыұлы төраға қолынан тағы да бір марапатқа ие болып, кеудесіне медаль тақты. Аталмыш марапат тергеу және іздестіру бөліміне 100 толуына орай берілген болатын. Дәл осындай медаль құқық қорғау саласының ардагерлері Жарылқасын Дидай, Асқар Сейтбеков, Жамбыл Назарбековтарға да бұйырды.
Ардагерлерге құрмет көрсетілген­нен кейін жиынға қатысушылар ау­дан­дық ардагерлер ұйымының төраға­сын таңдауға кірісті. Т.Шералин мырза осы жауапты қызметті абыроймен ат­қарған Ақылжан Таштановтың қыз­метін жоғары бағалап, жаңадан сай­ла­натын төраға да жұмысты үлкен жауап­кершілікпен атқаратынына сенім білдірді. Кейіннен ардагерлер ойла­рын ортаға салып, аудандық ардагер­лер ұйымын басқаруға, оның жұмы­сын жүргізуге Еділхан Жақсығұловты лайықты деп тауып, бірауыздан сай­ла­ды. Өз кезегінде жаңадан сайланған төраға аудан ардагерлерінің мүддесін облыс көлемінде қорғайтынын, ұйым­ның жұмысын абыроймен жүргізеті­нін, артылған сенімді барынша ақтауға тырысатынын жеткізді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: