Мемлекет басшысы «Birgemiz» атты республикалық Волонтерлар фронт-офисінің ашылу рәсіміне қатысты

735 Views

Қазақстан Президенті волонтерлік жобаларды үйлестіретін әрі қоғамдық мониторинг жасайтын және волон­тер­лікті бүкіл еліміз бойынша оқытып, наси­хаттайтын фронт-офистің жұмы­сы­мен танысты. Сондай-ақ Мемлекет бас­шысына «Qazvolunteеr.kz» онлайн-плат­формасы көрсетілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Волон­тер жылында көптеген ауқымды жоба­лар қолға алынатынын атап өтті.– Игі іспен айналысу, адамдарға жақ­­сылық жасау – көне заманнан келе жат­қан дәстүр. Бұл дәстүрді міндетті түр­де сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын АСАР дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құн­дылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұ­мыла көтерген жүк жеңіл» дейді хал­қымыз. Волонтерлік қызметтің бас­ты мақсаты да – бірге жұмылып, ха­лыққа қызмет ету, – деді Мемлекет бас­шысы.
Президент қиын-қыстау уақытта Қазақстанға жер аударылып келген көптеген ұлт өкілдерін қазақ халқы бауырына басып, бір үзім нанымен бөліскенін атап өтті.
– Волонтерлік нақты істермен көрі­не­тін патриотизмнің жоғары деңгейін біл­діреді. Отанға деген махаббат үл­кен ұрандар мен бос декларациялар емес, бұл – күнделікті еңбек, соның ішін­де халықтың игілігі үшін шынайы атқа­рылатын қайырымды істер. Бұл – күн­делікті еңбек, бұл – адамның болмы­сы, бұл – терең білім, жоғары мінез-құлық мәдениеті. Өзгенің дүние-мүлкіне қол сұғатын, тонаушылықпен айналысатын, жалған патриоттық ұрандарды тарататын адамдар патриот емес екенін түсінуіміз керек. Мұндай адамдар заң бұзған болып саналады, яғни, олар – қылмыскерлер, қылмыстық элементтер. Сондықтан олар қоғам мен мемлекет алдында заңға сәйкес жауап беруі тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, патриотизм, қоғам­ға қызмет ету және игілікті іс – адамның тұлға­лық және рухани дамуының жо­ғары деңгейінің жарқын көрінісі.
– Волонтерлік қызмет реформаларды жүзе­ге асыруда, жалпы мемлекетімізді жаңғыртуда маңызды рөл атқарады. Яғни, волонтерлер өздерінің іс-әреке­тімен аса маңызды реформаларды жүзе­ге асыруға нақты үлес қосады. Еңбек­қорлық, әлемге ашықтық арқылы біз озық технологияға және жоғары еңбек өнімділігіне негізделген жаңа экономика құра аламыз. Волонтерлік идеясын белсенді ілгерілету отандастарымыздың ой-санасының жаңа парадигмасын жаңғыртуға ықпал ететін болады, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлер алдында сөйлеген сөзінде белсенді ұйымдарды атап өтті. Атап айтқанда ол қиын тұрмыстық жағдайға тап болған адамдарға көмек қолын созуға дайын мыңдаған белсенділері бар ұлттық еріктілер желісінің, «Lider.kz», «Best for kids», елордалық «28 петель» клубы мен «Қамқоршылар клубының» жұмысына жоғары баға берді.
– Қазақстанда волонтерліктің бір­те-бірте жалпыұлттық сипатқа ие болып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл үдеріс Волонтер жылында атқары­ла­тын іс-шаралардың арқасында азамат­тарымызды одан әрі біріктіре түсе­тініне сенімдімін. Игі істер біздің мә­дени бірегейлігіміздің ажырамас бөлі­гіне айналды. Елімізде 200-ден астам волонтерлік ұйым бар. Онда 50 мыңнан астам еріктілер жұмыс істейді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарын жаһандық және аймақтық мәселелерді шешетін халықаралық волонтерлік бастамаларға белсенді түрде тартуды ұсынды.
– Қазақстан 116 елдің 20 миллионнан астам еріктілерін біріктіретін Дү­ние­жүзілік экологиялық «World Clean up day» науқанына қосылуға да­йын. Отандастарымыздың БҰҰ, ЮНИСЕФ, AIESEC ұйымдарының ерік­­тілік бағдарламаларына және бас­қа да халықаралық бастамаларға атса­лысуы әртүрлі мемлекеттердің тәжіри­бесімен танысуға және елімізге үздік волонтерлік тәжірибені тартуға мүм­кін­дік береді, – деді Президент.
Президенттің пікірінше, мемлекет волонтерліктің инфрақұрылымын қалыптастыруға қолдау көрсетуі тиіс. Оның ішінде, аймақтық фронт-офистер барлық еріктілерге өз идеяларын немесе нақты волонтерлік жобаларын іске асыруға көмектесуі қажет.
– Волонтер жылы – кезекті науқан емес. Осыны халыққа түсіндіруіміз керек. Еріктілік – ел үшін, қоғам үшін адал қызмет. Волонтерлік халқымыздың өмір салтына айналуы керек. Оны тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және бола­шақ сипаты ретінде дәріптеуіміз қа­жет. Еріктілердің бойындағы қайрат-жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Еліміздегі әр ауыл-аймақ осы маңызды жұмыстан тыс қалмайды деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Іс-шара соңында Қазақстан Пре­зи­дентіне «Birgemiz: Asyl mura», «Birgemiz: Bilim», «Birgemiz: Saýlyq», «Birgemiz: Sabaqtastyq», «Birgemiz: Taza Álem», «Birgemiz: Úmit» секілді жобалар таныстырылды.

АKORDA.KZ

Поделиться ссылкой: