Қарт ананы құттықтады
34 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Өткен аптаның жұмасында Ауған соғысының ардагерлері аудан орталығында орналасқан аллеяда бас қосып, салтанатты митингке қатысты. Ондағы мақсаттары — Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуын атап өтіп, жат жерде жан тапсырған жерлестерін еске алу болатын. Аталған іс-шараға Ауған соғысы ардагерлерінен бөлек, аудан әкімі Ерболат Садырқұлов және оның орынбасарлары, мәслихат хатшысы мен бөлім басшылары, мектеп оқушылары қатысты.
Статистика мәліметтеріне сүйенсек елімізден 22000-ға жуық азамат Ауған соғысына аттанған. Оның 761-і сонда ерлікпен қаза тапса, 21 азамат іс-түссіз жоғалып, хабарсыз кеткен. Ал, біздің ауданнан барған 120-ға жуық сарбаздың 56-сы қазіргі тыныш әрі бейбіт заманда өмір сүруде. Жерлестеріміздің ішінде майданда ерлік көрсеткені үшін әр түрлі медальдармен марапатталғандары да бар. Соның ішінде «Қызыл жұлдыз» ордені Манарбек Әмреевке берілген. Ал, «Ерлігі үшін» ордені Ербұлан Атабаев, Мұрат Тақылышев, Бақытжан Садырбаев, Ораз Иманбердиев сынды жерлестеріміздің кеудесінен орын тапқан. Бірақ, өкінішке орай ауданнан аттанған 120 сарбаздың екеуі сол бір сұрапыл соғыста ерлікпен қаза тапқан болатын. Олардың есімдері — Базарбай Ахметов пен Райыс Серғазиев.
Тағылымы мол іс-шара батыр ұлдардың есімі жазылған ескерткішке гүл қою рәсімінен басталды. Салтанатты рәсімнен кейін шараға қатысушылар бір минуттық үнсіздікпен Ауған жерінде жан тапсырған және сонда алған жарақатынан айыға алмай, өмірмен қош айтысқан сарбаздарды еске алды. Жиын барысында алғашқы сөз аудан әкімі Ерболат Садырқұловқа берілді. Сөз басында статистикаға сүйеніп сөз сөйлеген аудан басшысы өңірімізде ардагерлерге жасалап жатқан игі бастамалар жайында біраз мағлұматтар берді. Сонымен қатар, Ауған соғысы ардагерлеріне қатысты мәселелерге де тоқталып, оларды шешу бағытында бірқатар жобалар қолға алынып жатқанын тілге тиек етті. «Бүгінде Ауған соғысы ардагерлері Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлермен бірдей теңестірілді. Бұл — әрине қуантарлық жағдай. Дегенмен, әлі де шешімін таппай, түйіндеулі тұрған мәселелер бар. Бірақ, оның бәрі алдағы уақытта оң шешімін табады деген сенімдемін. Жат жерде жанқиярлық ерлік жасап, үлгі болған ағалар! Сіздердің сол бір ерліктеріңіз өскелең ұрпақты патриоттыққа, Отанды сүюге тәрбиелеу кезінде өз септігін тигізетіні анық. Елімізде ешқашан соғыс болмасын. Келешек ұрпақ бейбіт заманда, өскен, өркендеген мемлекетте өмір сүрсін» деп ардагерлерді айтулы мерекемен құттықтады. Жиында аудан басшысынан бөлек аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов та сөз алып, жас ұрпақты тәрбиелеу кезінде ардагерлердің қосқан үлесі зор екендігін айтты. Ал, аудандық Ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы Ерлік Шәбеев болса, өз майдандастарының жыл бойы атқарған жұмыстарына тоқталып, қысқаша мағлұмат берді.
Салтанатты митинг аяқталғаннан кейін ардагерлер Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.