Жансаяның жарқын женісі

816 Views

Жансаяның жарқын женісі

Байқау

Өнер – бір құдірет. Шабыт – сол өнерге жол табатын баспалдақ. Ал сахна асқар тау секілді. Сол «сахна» атты шың құздың шынарына табан тіресең, әлемді көресің. «Әлем» деп отырғаным – жүздеген, мыңдаған, миллиондаған жанарлар мен жүректер. Ал, сахнаға көтерілген жан өз жүрегінің толқындарымен өзге жүректерді тербетіп, ол жүректердің арнасына сыймаған тамшыларын жанарлардан шығара білсе, бұл – «нағыз өнер» деп аталады. Халық «киелі сахна» деп оны бекерге қадір тұтпайды. Оған көтерілген жан шын өнердің иесі болса, көз тіккен қалың көпшіліктің назарын бір арнаға тоғыстырып, әуезді үнмен елітіп, бимен балқытып, өнегелі өлең сөзбен шалқыта алады. Қашан да сахна өзінікін жазбай таниды және ол өзіне лайығын өз биігіне көтереді. Мейлі, әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған өнерсүйгіштер жиналсын, мейлі Сіз шалғайда жатқан бір ауылдың тұрғыны болсаңыз да, егер «сахнаның адамы» болсаңыз, ол өзінікін мойындатпай қоймайды. Кезінде бір байдың ат айдаушысы ғана болып жүрген бала Әміре бүкіл Парижді әнімен тербетіп, әлемге танымал болған жоқ па? «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикаль» журналы қазақтан шыққан әнші Әміре Қашаубаевтың сирек кезде сетін талант екенін жазса, Сорбонна университетінің профессоры Перно мен А.Затаевич баяғы ауылдағы «ат айдаушы баланың» орындауындағы бірнеше әнді жазып алған. Осыдан кейін өнердің құдіретіне қалай таңырқамайсыз?

Таяуда ғана Луговой ауылының тұрғыны, жас әнші Жансая Сәрсенбаева Көкшетау қаласында өткен халықаралық «Бурабай фест» байқауынан жүлделі 1 орынды жеңіп алды. Жансая 2001 жылы осы ауылда дүниеге келген, Т.Рысқұлов орта мектебінің оқушысы. Ол байқауға аттанарда түсінде халық әртісі Роза Рымбаева биік бір тауға алып шығып, сол жерден ел Президентін көргенін айтты. Көрген түсін жақсылыққа жорыған ол байқаудан міндетті түрде жеңіспен оралатынына сенген еді. Расында да, жеңіске жетіп, Астана күні мерекесінде Елбасының алдында ән айту мүмкіндігіне ие болған. Шын мәнінде, бұл байқауға қатысу үшін қомақты қаржы төлеуі қажет болып, ауыл әкімі М.Свановқа барғанда, ол жас әншінің болашағынан үлкен үміт күтетінін айтып, қолдау көрсеткен. Мектеп ұжымы, Балалар мен жасөспірімдер орталығы да өз үлестерін қосып, Жансаяға Көкшетауда ән шырқау мүмкіндігін сыйласа, аудандық мәдениет үйінің директоры Н.Базарқұлов сахналық киімін берді. «Біріге көтерген жүк жеңіл» дегендей, осындай қолдаудан кейін Жансая да өз өнерінің арқасында жетістікке жетіп, ауданымыздың мәртебесін арттырды. Алматы қаласында өткен республикалық «Атадан қалған мұрамыз» атты ән байқауында да бас жүлдені иеленген ол сол қалада білім алып, өзі үлгі тұтатын Айгүл Қосанова секілді дәстүрлі әннің мәртебесін асқақтатқысы келеді. «Арманым – дәстүрлі әншілерді дайындайтын саз мектебін ашу», -дейді Жансая. Әңгімелесіп отырып, жас әншінің бойынан асқан сезімталдық пен жан сұлулығын байқадым. Т.Рысқұлов орта мектебінде Гүлмира Әлімқұлова есімді музыка пәнінің мұғалімі бар. Гүлмира ән салғанда бәріміз тамсана тыңдаушы едік. Соған еліктеп өскен, сол ұстаздан тәлім алған Жансая бүгінде өз мақсатына жете білді. Жас әншіге біз де шалқыған шабыт пен өнегелі ғұмыр тілейміз!

Салтанат ҚАРАСАЕВА

Поделиться ссылкой: