Кезекті қоғамдық қабылдау Абай ауылында өтті

1 125 Views

Тұрар Рысқұлов ауданының прокуроры Раймқұлов Даурен Қуатбекұлының ауылдық округ­тердегі жұртшылықтың мұң-мұқтажы мен тұрмыс тіршілігін анықтау, сондай-ақ, бюджет қаражатының тиісті деңгейде орындалуы бойынша ауылдық округ әкімдерінің жұмысын зерделеу кестесі сәрсенбі күні Абай ауылдық округінде жалғасын тапты.
Шыны керек, көп мәселенің түйіні тарқатылған ауылдық округтің бірегейі – Абай. Газ, электр жарығы, ауыз су мәселесі барлығы расымен де бұл ауылдық округте шешілген. Ауылдық әкімдік ғимаратына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Рас, осыдан 3-4 жыл бұрын медпункттің жоқ­тығы ауылдағы басты проблемалардың бірі еді. Ол мәселе де өз шешімін тауып, бүгінгі күнде ауыл тұрғын­дары заманауи үлгіде салынған жаңа медициналық амбулатория­дан ем алып жүр. Ауылдық округ әкімі Мұратбек Арыстанбековті халық қай қызметті болсын алдыға жетелеп, өзінің іскерлігін көрсете білген азамат ретінде жақсы таниды. Абай ауылында құрылған ақсақалдар кеңесі де дау-дамайсыз көп мәселенің түйінін шешіп келеді. Есесіне, бұл ауылда қазіргі таңда ұрлық-қарлық мүлде тыйылған. Сондықтан болар, ауданның бас прокурорының қа­был­дауында жергілікті тұрғындар күрделі мәселелерді сөз ете қойған жоқ.
Жергілікті тұрғын, ауданның Құрметті азаматы Төленді Көпбаев көлік қозғалысы көптеп қатынайтындықтан ауыл ішіне бейнебақылау қондырғысын орнату жайын мәселе етіп көтерсе, 23 жастағы Нариман Сәбитжан Даурен Қуатбекұлының қоғамдық қабылдауына жұмысқа орналасу турасында кеңес алуға келіпті. Ал 62 жастағы Жұмағұл Жанқұлов болса, Даурен Қуатбекұлының қоғамдық қабылдауына жер телімдерін рәсімдеу бойынша заңдық тұрғыдан кеңес алуға жазылыпты. Тұрар Рысқұлов ауданының бас прокуроры Даурен Раймқұлов қойылған сұрақтарға нақты мысалдармен үн қатып, заң шеңберінде тұшымды кеңестер айтты. Өз кезегінде өз ісіне жауапкершілікпен және адал қызмет ететін Даурен Қуатбекұлына жергілікті тұрғындар шексіз ризашылығын білдірді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: