Жаңару мен жаңғырудың даңғыл жолындамыз

608 Views

Мемлекеттің саяси жүйесінде саяси партиялардың орны ерекше. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда көптеген саяси ұйымдар мен партиялар өмірге келді. Қазір «Nur Otan» пар­тия­сы­ның филиалдары, өкілдері барлық ай­мақтар мен аумақ­тарда жұмыс істейді. Соңғы кезде партияның халық ара­сында беделін арттыру үшін тың өзге­рістер енгізу қолға алынды. Яғни, 2017 жылы 3 қарашада өткен жиында Мем­ле­кет басшысы партияны жүйелі түрде жаң­ғырту мәселелесін алғаш көтеріп, алдыңғы қатарға қойған еді. Еске сала кетсек, 2017 жылдың желтоқсанында Саяси кеңес бюросының қаулысымен партияны жаңғыртудың нақты жоспары бекі­тілген болатын. Ал, 2018 жылы Елбасының «Nur Otan» партиясын жаңғырту тапсыр­масына сәйкес, «Nur Otan» партиясы бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру тұжырымдамасының жобасы даярланып, партияішілік талқы­лауға ұсынылып, бекітілді. Бүгінде «Nur Otan» партиясының іргелі істері – заман ағымына сай жаңару мен жаңғырудың даңғыл жолына оң қадам жасаумен ерекшеленуде.
Оның айқын дәлелі 2019 жылдың 21 тамызындағы партияның кеңейтілген Саяси кеңесі ұсынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасына негізделген.
Бұл партиялық құжат қазіргі таңда көпұлтты қазақстандықтардың қызу қолдауына ие болып отыр. Жоғарыда аталған бағдарламалар мен тұжырымдамалар партия жұмысын «жаңғыртуға» бағытталған жүйелі тапсырмалар тізбесі деп білемін. Партия жұмысының жаңғыруы партияның белсенді мүшелерін топтастыру, яғни, партияның ядролық электоратын қалыптастыру мен бастауыш ұйымдардың ролін көтеру; жемқорлықпен күресті күшейту мен партиядан лайықты емес мүшелерді шығару үшін шаралар қабылдау; барлық деңгейде партия органдарының әлеуетін мейлінше жүзеге асыру мен биліктің барлық деңгейіндегі партия алдындағы жауапкершілігін арттыру; халықпен, оның барлық әлеуметтік топтарымен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізу; партияның ақпараттық-идеологиялық жұмысын қарқынды ұйымдастыру және партия төңірегіне жастарды біріктіру үшін шаралар қабылдауды қамтиды.
Елбасы тапсырғандай, біз негізінен партия мүшелерінің санына емес, сапасына басты назар аударып отырмыз. 100-ге дейінгі партия мүшесі бар шағын ұйымдар ірі бастауыш ұйымдарға біріктірілді.
Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия Төрағасы «Қазіргі таңда «жаңа» медиа саласында шындыққа жанаспайтын ақпарат таратушы арналар көбейіп келеді. Жергілікті, қарапайым мәселелер республикалық деңгейге дейін көтерілуде. Қоғамдық санада жалған түсінік қалыптасуда. «Nur Otan» өзінің ақпараттық стратегиясын түбегейлі қайта қарауы қажет. Партияның бұқаралық ақпарат құралдары объективті және жедел ақпарат көздеріне айналып, халықтың сеніміне ие болуға тиіс» деді. Бүгінде партия Т.Рысқұлов аудандық филиалы тарапы­нан аудандық спикерлер пулы жасақталып, сонымен қатар әр сала, елді мекеннен, бастауыш партия ұйымдарынан әлеуметтік желіде белсенді пікір білдіріп, партияның атқарған жұмыстары туралы нақты жазып, мүддесін қорғай білетін 50 азаматтан құралған белсенді азаматтар деркқоры жасақталды.
Партиялық жаңғырудың тағы бір басым бағыттарының бірі азаматтардың өтініштерін тиімді және жедел түрде шешу үшін қоғамдық қабылдаулардың жұмысын белсендіру болып табылады. Халықпен кері байланыс орнату, әлеуметтік желілер мен танымал мессенджерлер арқылы тұрғындардың өтініштерін қабылдау және оны шешу бойынша жұмыстарды күшейтуге бағытталған шаралар атқарылуда. Соның арқасында халықтың көптеген сұрақтары жылдам және тиімді шешілуде. Мәселен, Партия аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде мекеме және бөлім басшыларының қоғамдық қабылдау кестесіне сәйкес азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдаулар өткізіліп тұрады. Партия аудандық филиалының Қоғамдық қабылдауына 2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 413 өтініш түсіп, оның 152-і немесе 36,8 % оң шешімін тапса, 261 өтінішке заңнама аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, тұрғындар өз мекен-жайларынан шықпай-ақ, облыс, аудан орталықтарына бармай – «Nur Otan» партиясының «Халыққа көмек» жобасы арқылы өз өтініш-тілектерін тиісті органдарға жіберу мүмкіндіктеріне ие бола отырып, өздерінің жеке өтініштеріне байланысты тиісті жауаптарын алуда. Бұл мақсатты жұмыстардан елімізде үлкен қарқынмен іске асырылып жатқан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының қалай іске асырылып жатқандығын көруге болады. Партия жұмысын жандандыру мақсатында партия аудандық филиалына қарасты 20 бастауыш партия ұйымдарының жеке кабинеттерінде де бастауыш партия ұйымы төрағалары қоғамдық қабылдау кестесіне сәйкес азаматтарға арналған қоғамдық қабылдаулар өткізу жұмысы жолға қойылды.
«Жаңғырудың қозғаушы күші – жастар» демекші, халықпен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізуді, қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты ұйымдас­тыруды және партия төңірегіне жастарды біріктіру үшін шаралар қабылдау мақсатында ауқымды жұмыс атқарылуда. Бүгінде елімізде 4 миллионнан аса жастар бар. Партия оларды үнемі қолдап, барлық жағдайын жасауға тырысады. Бұл – партияның басым бағыты.
Үкіметпен бірлесіп, 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасы әзірленуде. Бағдарлама жастардың барлық көкейтесті мәселелерінің жауаптарын қамтитын болады. Ол үшін жас өрендердің сұраныстары, осы саладағы халықара­лық тәжірибелері жан-жақты зерттелуде. Аталған бағдарлама 2020 жылдың сәуір айында өтетін «Jas Otan» съезінде талқыланатын болады.
Жастар партияның жұмысына белсенді тартылуда. Жамбыл облысының орталық базарларында NEET санатындағы жастарға тегін консультация беру бойынша «Кеңес орталығы» консалтинг-орталықтары ашылды. Жастар – партия­ның саяси бағдары сабақтастығының және оның келешектегі көшбасшылығының кепілі. Себебі, жастар «Қазақстан-2050» стратегиясының» орындаушылары болмақ.
Биліктің атқарушы органдарының есептілігін арттыру мақсатында, Елбасы мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сайлауда жеңіске жеткен саяси партияның сайлауалды бағдарламасын мемлекеттік жоспарлау жүйесіне интеграциялауды ұсынды.
Ағымдағы жылдың наурыз айында өтетін партияның Саяси кеңес отырысында партия атқарған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, болашақ электо­рал­дық кезеңдердегі жаңа міндеттер айқындалмақ.

Ерболат Садырқұлов,
«Nur Otan» партиясы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалының төрағасы.

Поделиться ссылкой: