Пилоттық жобаның жұмыстары сараланды

733 Views

Өткен аптаның соңына қарай аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында жиын өтті. Оған аудан басшысы Ерболат Садырқұлов пен орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері мен бірқатар бөлім басшылары қатысты. Күн тәр­тібінде бірнеше мәселелер қаралып, талқыланды.
Мінберге алғашқы болып шыққан аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ерғазы Еспенов көк­темдік дала жұмыстары жөнінде баян­дама жасады. Сонымен қа­тар, жиын­да пилоттық жобаның жұмы­сы да сөз бол­ды. Жамбыл облысы тұрғындарының тұр­мыс­тық табысын жақсарту жобасы аясын­да қаржыландыру жұмыстары аяқ­талуға жақын. Құмарық ауылдық окру­гінің тұрғындары пилоттық жоба­ның 5 бағыты бойынша да қатысуға ниет білдіріп отыр. Мәселен, жобаның 1-ші бағыты бойынша 450 аула жобаға қаты­суға өтініш білдірген. Олар үй ірге­сіндегі аулаға таңқурай, қияр, кар­топ, сарымсақ дақылдарын егетін бола­ды. Қажетті тұқымды «Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми зерт­теу институты» арқылы алынбақ. Бүгін­гі таңда бұл бағыт бойынша ке­лі­сім шарт жұмыстары жасалған. Ал, 4-ші бағыт бойынша 89 950 000 теңгеге алынған 17 дана техникалар ауыл тұрғындарының жерін игеру жұмыстарына қол ұшын тигізетін болады. Осы жобаның 2-бағыты, яғни, ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану жұмыстарын қаржыландыру аяқталуға жақын. Жалпы бұл бағытқа 252 аула құжат тапсырып, 22 аула әртүрлі себептермен бас тартқан. Жоба бойынша округке 230 ауланы жоспарға қойған болатын, соның 211 ауласы 636 000 000 теңге қаражаттарын қолдарына алып, мал алу үстінде.
Бүгінгі таңда 109 аула 3894 мал алды. Оның 3501 басы қой, 103 сиыр, 48 бас бұқашық және 242 бас жылқы малы сатып алынып, қораға кіргізілген. Алынған малдардың 95%-ы аналық бас. Тұрғындардың басым көпшілігі малдың басын көбейту мақсатында аналық бас алуда. Жобаның 5-ші ба­ғыты тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе ке­ңей­туге арналған шағын жо­баларды қаржыландыру бо­йынша да ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Бүгінгі күні 3 жобаға 38,0 млн. теңге ұсынылды. Қаржының бір бөлігі тігін шеберханасын ашуға бөлінсе, қалғаны тұшпара мен сыр дайындайтын цех ашуға бөлініп отыр. Қазіргі таңда бұл жобалардың құжаттары то­лық аяқталып, қаржыландыру үс­тінде. Жалпы бұл бағыт бойынша қар­жы­лан­дыру жұмыстары 5 наурызда аяқта­лып, мал алу жұмыстары сол айдың 20-шы жұлдызында аяқталады деп жоспарлануда.Аталмыш мәлі­меттерді актив жиынында Құмарық ауылдық округінің әкімі Болат Мансұр мәлімдеді.
Ауыл әкімінің баяндамасын тың­даған аудан басшысы Ерболат Садыр­құлов Болат Мансұрдың жұмысын жоғары бағалады.
Жиынның күн тәртібінде өзге де өзекті мәселелер қаралды. Мысалы, жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету, көктемгі дала жұмыстарына дайындық, сауда саттықты ұйымдастыру мақ­са­тында комиссия құрамын бекіту, мүлік­терді жекешелендіру сынды мәсе­лелер қаралып, тиісті шешімдер қабыл­данды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: