Кәсіподақ төрайымы қайта сайланды
Жуырда аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында кәсіподақ мүшелері қатысқан жиын өтті. Оған «Жамбыл облыстық кәсіподақ ұйымы» филиалы төрағасының орынбасары Клавдия Сапожникова арнайы келіп қатысты.
Қарапайым жұмысшының мүддесін қорғайтын, басына қиындық туса қолдайтын кәсіподақ ұйымының жұмысы өте күрделі екендігі айтпаса да белгілі. Бірақ, соған қарамастан аталмыш ұйымдардың жұмысы уақыт өткен сайын аяғына нық тұрып, өз әлеуетін арттырып келеді. Сол биікке жеткен ұйымдардың қатарында «Жамбыл облыстық кәсіподақ ұйымы» филиалының Т.Рысқұлов аудандық салалық кәсіподақ комитеті де бар. Аталған комитетке 2015-2020 жылдар аралығында Айгүл Сұлтанова басшылық жасап, төрайымы атанып келді. Жиын барысында осы жылдар аралығында атқарылған жұмыстар жіпке тізіліп, есеп те берілді.
2015 жылы аудандық кәсіподақ ұйымының 543 мүшесі болса, 2017 жылы 97 адам қосылып, 640-қа жеткен. Бірақ, 2018 жылы аудандық мұрағат пен екі спорт мектептері облыстық органдарға берілуіне байланысты аудандық салалық кәсіподақ мүшелерінің саны 84-ке кеміген. Дегенмен, бұл кәсіподақтың жұмысына еш кедергісін келтірмеген. Бүгінгі таңда аудандық кәсіподақ ұйымында 32 мекеме тіркеуде тұр. Олардың 26-сында бастауыш кәсіподақ ұйымы болса, 6-да бастауыш топтары бар. Оның ішінде 351 ер азамат, 179 әйелдер болса, 35 жасқа дейінгі жастардың саны 298 адамды құрап отыр.
Кәсіподақ мүшелерінің еңбек демалыстарында ем алуына, сауықтыруға үнемі көңіл бөлініп, жыл сайын сауықтыру шипажайларына баруға жолдамалар беріліп тұрады. Мәселен, 2015-2019 жылдары аралығында 46 адамға «Меркі», «Ақ ниет», «Сарыағаш», «Жаңақорған» шипажайларына жолдамалар беріліп, қызметкерлерге барынша жағдай жасалған. Сонымен қатар, мерекелік, спорттық іс-шаралар кезінде де кәсіподақ мүшелері назардан тыс қалмай, оларға марапаттау қағаздары мен сыйлықтар табыс етілген. Ал, 2016 жылы аудандық кәсіподақ ұйымы дәл осындай бағытта нәтижелі жұмыстар атқарғаны үшін «Үздік аудандық кәсіподақ ұйымы» атанып, «Казфосфат» ЖШС-ның бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтың арнайы сыйлығымен марапатталған. Аталмыш мәліметтердің барлығын жиын барысында аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Айгүл Сұлтанова мәлімдеді. Сонымен қатар, ұйым төрайымы дәл осындай жетістіктерге жетуіне өзіндік үлесін қосқан бастауыш кәсіподақ төрағаларына өз алғысын жеткізді.
Есеп беру жиынында «Жамбыл облыстық кәсіподақ ұйымы» филиалы төрағасының орынбасары Клавдия Сапожникова да сөз сөйлеп, бірқатар жағымды жаңалықтар мен өзекті мәселелерге тоқталды. Сөз соңында бес жыл бойы аудандық кәсіподақ ұйымының жұмысын жүргізген Айгүл Сұлтанованың еңбегін жоғары бағалап, өз қызметіне қайта сайлауды ұсынды. Нәтижесінде жиынға қатысып отырған ұйым мүшелері ұсыныспен келісіп, кәсіподақ төрайымын қайта сайлады. Ізінен Клавдия Сапожникова қайта сайланған Айгүл Мөкенқызын кәсіподақтың арнайы төсбелгісімен марапаттады.
Жиында жыл бойы ұйымның жұмысына сүбелі үлес қосқан кәсіподақ мүшелері бірнеше номинация бойынша марапатталды. Олардың қатарында Роза Қоқаева, Нұрхан Иманғазиева және Ерсайын Қуандық секілді мемлекеттік қызметкерлер де бар. Есеп беру жиынының соңыда ұйымның мүддесі үшін аянбай қызмет атқарып жүрген басқа да қызметкерлерге бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Жәнібек Базылбеков.