Шоқ тілді Шона
42 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Биыл елімізде атап өтілетін мерейтойлар өте көп. Шығыстың шайыры Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығынан бастап, Абайдың 175 жылдығына дейін тойлайтын боламыз. Тойлағанда да ысырапшылдыққа жол бермей, керісінше, адам бойына рухани азық сыйлайтындай дәрежеде атап өтуіміз қажет.
Бүгінде мерейтойларға қатысты іс-шаралар ауданға қарасты елдімекендерде көптеп өткізілуде. Солардың бірі Қарақыстақ ауылдық округінде өткізілді. Дәлірек айтар болсақ, аталмыш округ орталығында орналасқан мәдениет үйінде елімізге белгілі әнші әрі сазгер Ескендір Хасанғалиевтің 80 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Зайтуна Оразалиева басшылық ететін өнер ордасының қызметкерлері сазгердің өмір тарихы мен шығармашылығын толықтай қамтыған. Тіпті, іс-шарада әншінің өмірлік серігімен кездесу сәтін бейнелейтін сахналық көріністе қойылды. Театрлық қойылымды Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің жоғары сынып оқушылары Бауыржан Әуесбай мен Ақерке Асылхан сомдап, көрермендерге ұсынды. Ал, әншінің «Шақырады көктем», «Есіңе ал», «Анаға сәлем», «Асыл арман», «Әдемі», «Гүлсезім», «Атамекен» әндерін Жұмабек пен Қайрат Сәменқұловтар және Гүлмарал Қорабаева сынды өнерпаздар нақышына келтіре орындап, көптің көңілінен шыға білді.
Концерттік бағдарлама барысында сазгердің тілшілерге берген сұхбаты, айтқан әндері бейнеролик арқылы көрсетілді. Бір сөзбен айтқанда, жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шараны ауыл тұрғындары зор ықыласпен тамашалады. Жиын соңына қарай ауыл ақсақалы Бестей Қалымбетов сөз сөйлеп, әншінің өнеріне шолу жасай келе, іс-шараны ұйымдастырушыларға тұрғындар атынан алғысын айтты.
Жәнібек Базылбеков.