Ақ жаулықты аналарға құрмет көрсетілді
«Әлдилеп аялап,
Өсірген жемісін,
Самал жел, сая бақ,
Құшағың мен үшін.
Есейіп кетсем де,
Мен саған сәбимін,
Көңіліңді көктемдей,
Көзіңнен танимын».
Сазгер Шәмші Қалдаяқов пен ақын Ғафу Қайырбековтың бірлескен шығармашылық жұмысының нәтижесінде осындай тамаша ән туып, ол «Ана туралы жыр» деп аталды. Әннің өміршеңдігі де сол, композитор жүрегіндегі асыл анаға деген шынайы махаббат лебізін ақын Ғафу ағамыз терең түсініп, өлеңді көркем тілмен жаза білген. Есесіне, екі таланттың сана көгіндегі түсіністігінің арқасы қазақтың ән көгінде ғұмырлық өлең болып қалды. Әсерлі ән, жүректі шымырлатар есті сөз.Тегінде ақ жаулықты аналарымызға деген ықылас-пейілімізді осы ән арқылы жеткізуіміз сондықтан шығар бәлкім.
8 Наурыз — Халықаралық Әйелдер мерекесі қарсаңында Құлан ауылдық округінің әкімі Мұрат Иманбаев және ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Берік Әліпбаев жергілікті тұрғын, 101 жастағы әже Самрат Ахаеваның шаңырағына арнайы барып, сый-сыяпат табыс етті. Денсаулығы аздап сырқаттанып қалса да, Самрат әжей үйіне келген інілерімен еркін отырып сұхбаттасты. Құлан ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Берік Әліпбаев «Қымбатты Самрат әжей! Ауырмаңыз. Сіздің ғибратты ғұмырыңыз кейінгі толқын жастарымызға өнеге деп білемін. Немере-шөберелеріңіздің көз қуанышы болып, ортамызда аман-есен жүре беріңіз» деген ақжарма тілегін айтты. Бір ғасырдың көзін көрген қарт кейуана інілерінің жүрекжарды лебізіне балаша қуанып, шабыттанып қалды. «Өздеріңнің де дендерің сау болсын қарақтарым. Істеріңе береке, еңбектеріңе табыс тілеймін» деді қарт кейуана.
Дәл осындай құрмет ақ жаулықты аналар Қаламқас Сүлейменова мен Захира Толыбаеваға да көрсетілді. Бұдан бөлек, Пазыл Сүлейменов, Саид Ахаев және Дидар Түйебаевтың демеушілігімен Құлан ауылындағы 80-нен асқан 70-тен астам асыл әжелерімізге дәл осындай құрмет жасалып, сыйлықтар табыс етілді.
Марат Жолдасбекұлы.