Құттықтау
Ардақты әжелер, абзал аналар, аяулы қыздар!
Сіздерді ару көктемнің арайлы мерекесі 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Көктемнің осы бір тамаша мерекесі әйелге тән әдемілік пен нәзіктіктің мәңгілік белгісі сияқты. Осы ерекше қасиеттеріңіз мәңгілік салтанат құрып, елімізге ырыс – құт, береке-бірлік дарысын!
8 наурыз — көктем шуағымен бірге келетін ең мерейлі мереке. Ұзаққа созылған қыс мезгілінен кейін де бұл мейрам өзінің әдемілігі мен нәзіктігін жоғалтпақ емес, себебі, сіздер, әйелдер, біздің өміріміздің гүлі саналасыздар.
«Әлемдегі әсемдік пен сұлулық әйел көркі мен ана мейірімінен нәр алады», деген даналық сөз бар. Расында, адамзат өмірінің іргетасы әйелдің қолымен қаланады. Әйел қолында тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы бар. Сондықтан ерді үйдің иесі санаған дана халқымыз әйелді шаңырақтың киесіне балаған. Тағылымды тарихымыз қайраткерлік қасиет қонған аналардан кенде болған емес. Ұлан-ғайыр далада ұрпақ мақтанышына айналған талай ұлағатты аналар өткені белгілі. Бұлардың өшпес өнегесі мен өлмес дәстүрі жаңа Қазақстанда жалғасын тауып келеді. Ел мен ерге сын болған кезеңде әйелдер қоғам жүгін қайыспай көтере білді.
Сіздер отбасы берекесімен бірге Тәуелсіздікті нығайту ісіне де еселі үлес қосып келесіздер. Әйел — ана біздің қоғамымызда әрдайым қадірлі тұлға. Себебі, адамзаттағы ізгіліктің барлығы ананың атымен байланысты. Ол жарқын және мәңгілік әлемдегі тазалықтың белгісі болған және бола береді де. «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» — деген ұлағатты сөз бекер айтылмаса керек.
Қымбатты арулар, нәзік жанды әйел-аналар!
Біздің қазіргі қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттегі қоғамдық өмірге және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі, біртұтастығымызды сақтаушы мықты күш. Олар тек тұрмыста ғана емес, әлеуметтік салаға, қоғамдық өндіріс пен ғылым, әдебиет, өнер, спортқа да барынша үлестерін қосып, еншілерін алуда. Бүгінде нәзік жандыларымыз барлық саланының бел ортасында жүр.
Теңдік пен бауырмалдықты, достық пен сүйіспеншілікті, бейбітшілік пен өзара түсіністікті ту етіп ұстаған әйелдер Тәуелсіз мемлекетіміздің қысқа мерзім ішінде әлеуметтік -экономикалық жетістіктерге қол жеткізуіне, өздерінің білімімен, мәдениетімен, күш-жігерлерімен орасан зор үлес қосуда.
Қадірменді аналар мен апа — қарындастар!
Қашанда елге тұтқа, ұрпаққа пана болған әйел затынсыз жарық дүниені, төрткүл әлемді елестету мүмкін емес. Шуақты көктемнің алғашқы күндері осындай салтанатпен басталуының өзіндік ерекшелігі бар. Себебі, табиғат тіршілігінің бастауын көктемнен алса, адамзат өз өмірінің бастауын анадан алады. Әйел- отбасының ұйытқысы.
Сіздер, мемлекеттiк қызмет пен қоғамдық істе де, кәсіпкерлік пен тәлімгерлікте де тамаша табыстарға қол жеткiзiп келесіздер. Біз әрқашанда қоғамның дамуын, өмірде – нәзік, ал істе – мығым әйелдер қауымымен тығыз байланыстырамыз. Расында да, ауданымыздың қазіргі жетістіктері, әсемдігі өздеріңіз сияқты арулардың арқасында мүмкін болып отыр.
Алып анадан туады. Ана — ақын-жазушылардың қаламына аурқау болған таусылмайтын тақырып. Ендеше, елін қорғар алыпты да, тұтас халықты да қалыптастыратын аналарды аялайық, ардақты ағайын! Олай болса осынау өмірді өмірге жалғар мейірім мен пәктіктің, әсемдік пен әдеміліктің мерекесі жүректеріңізді жырға, көңілдеріңізді нұрға толтырсын!
Ардақты аналар, сүйкімді арулар! Баршаларыңызды көктеммен бірге шуағын шаша келген 8 наурыз — Халықаралық Әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Отан отбасынан басталады, ал оның қорғаны да, ұйытқысы да — әйел заты. Әлемде еш нәрсеге бергісіз үш жарық сәуле бар: біріншісі- күннің сәулесі, екіншісі- даналықтың сәулесі және үшіншісі ананың айналасына шашатын сәулесі.
Қадірлі де сүйікті, аналар мен арулар! Сіздерге мықты денсаулық, жұмыстарыңызға шабыт, отбасыларыңызға береке мен отбасы жылуын, жақсылық пен мол қуаныштар тілейміз. Сіздерді тек мереке күндері ғана емес ғұмырларыңыздың бар кезеңінде қуаныш, жақсылық және сүйіспеншілік лебі аяласын!
Аудан әкімі Мәслихат хатшысы
Е.Садырқұлов Т.Жаманбаев