Аудан әкімі аналарды ардақтады

560 Views

Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай аудан әкімі Ерболат Садырқұлов әр ауылдық округте табандылықпен еселі еңбек етіп зейнетке шыққан ардақты да ақ жаулықты көп балалы аналарды, сондай-ақ, бала тәрбиесіне зор үлес қосып, жетістіктерімен көзге түскен өнегелі асыл жарлар Мария Мұсаева, Күләш Таукенова, Рәнза Шолжанбекова, Мария Алимбекова, Римма Жаманқұлова, Ғалия Жанғозиева, Рафуза Ушурова, Рахима Ауғанбаева, Жақсыкүл Қуандықова, Жәмилә Еселбаева, Света Сүлейманқұлова, Гүлия Абдуанова, Гүлжахан Наурызалиева, Рахима Бейсенбиеваларды қабылдап, ізгі құттықтау лебізін білдірді.
Содан соң аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов ортаға шығып, түйдек-түйдек сүбелі сөздерді жөнелте сөйлегенде басқосуға келген аналардың жүрегі елжіреп сала берді. Сондай-ақ, аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев та өз пікірін білдіріп, барлық перзент үшін анадан асқан қадірлі жанның жоқ екендігін тілге тиек етті. Содан кейін мерекелік басқосуға Қорағаты ауылынан келген Ғалия Жанғозиева мінберге көтеріліп, асыл аналардың атынан сөз сөйледі. Ол өз сөзінде осындай құрмет көрсетіп, ізеттілік пейілін ұқтырғаны үшін аудан әкімі Ерболат Садырқұловқа және ол басшылық етіп отырған аудандық әкімдік қызметкерлеріне ризашылығын жеткізді.
Мерекелік басқосу соңында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев және аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов әр ауылдық округтен мерекелі басқосуға келген ақ жаулықты аналармен бірге естелік суретке түсті.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: