Таразда көп балалы отбасылар мен жетім балалар баспаналы болды

593 Views

Халықаралық әйелдер күні қар­саңында Тараз қаласында»Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған 80 пәтерлі жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді.
Жаңа 15 шағын ауданда орналасқан тұрғын үйдің иегерлері — көп балалы және аз қамтылған отбасылар, жетім балалар және басқа да әлеуметтік осал топтағы азаматтар. Жаңа үйде үш бөл­мелі 15 пәтер, екі бөлмелі 55 пәтер, бір бөлмелі 10 пәтер бар.
Көп жыл бойы кезекте тұрған аза­маттарға пәтер кілттерін тапсыру үшін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев салтанатты жиынға арнайы қатысты.
— Тұрғындардың тұрғын үй мәсе­ле­сін шешу үшін мемлекет түрлі бағ­дарламалар қабылдады. Өткен жылы Таразда екі мыңға жуық пәтер берілсе, бүгін де сол игі дәстүр өз жалғасын табуда. Бұл Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біздің әйелдер мен көп балалы аналар үшін ерекше сый­лық болып отыр. Баршаңызды жаңа қоныс­тарыңызбен құттықтаймын, мықты ден­сау­лық, ұзақ өмір тілеймін, — деп атап өтті аймақ басшысы.
— 10 жыл бойы біз пәтер жалдап, ары-бері көшумен болдық. Енді көп­тен күткен екі бөлмелі пәтерге қол жет­кізіп отырмыз. Қуанышымды сөз­бен айтып жеткізе алмаймын. Бұл үшін рахметімді білдіргім келеді,- деп Жан­сая Әбдірайымова өз қуанышын жасыр­ма­ды.
Бұл күні алты баланың анасы Ғалия Шегеева да қоныс тойын атап өтті. Ол да отба­сының, балаларының жүрекжарды қуаны­шын айтып, ағынан жарылды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, «Нұр­лы жер» бағдарламасы аясында ағым­дағы жылы 29 көпқабатты тұрғын үй­дің құрылысы жүргізілуде. 2025 жыл­ға дейін жаңа тұрғын үй алқабында бар­лығы 181 көп пәтерлі және 255 жеке тұрғын үй салу жоспарлануда.
Айта кету керек, «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында өткен жылы облыс бойынша 323 пәтер берілген-ді. Сонымен қатар, «Қарасу» шағын ауданында көп балалы отбасыларға арналған 4 көп қабатты әлеуметтік жатақхана салынған болатын. «Арай» шағын ауданында тағы сондай төрт жатақхананың құрылысы жүргізілуде.
Қазіргі уақытта тұрғын үй кезегінде шамамен 19 мың адам тұр. Оның 2 мыңға жуығы көпбалалы отбасы.

Жамбыл облысы
әкімінің баспсөз қызметі.

Поделиться ссылкой: