483 Views
Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі 2020 жылдың 24 ақпанында «Көктемгі екі айлық көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарын өткізу туралы» арнайы қаулы қабылдаған болатын. Осыған орай, іс-шаралар жоспары бекітіліп, соған сәйкес өткен сенбіде аудан аумағына тазарту жұмыстары жүргізілді.
Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген сенбілік өте жоғары деңгейде өтті. Оған аудандағы барлық бөлімдер мен мемлекеттік мекемелер қатысты. Қолдарына тазарту құралдарын алған қызметкерлер өздеріне бөлініп берілген аумаққа санитарлық тазарту жұмыстарын өткізіп, бірқатар ауқымды істер атқарды. Мәселен, сенбілікке аудан орталығының өзінде 1000-ға жуық адам қатысты. Жалпы алғанда сенбілікке қатысушылар 37,4 шақырым жол жиектері мен 3,82 шақырым арық жүйелерін тазалап шықты. Нәтижесінде 24,6 тонна күл-қоқыс шығарылды.
Сонымен қатар, сенбілік барысында абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары да жүргізілді. Бұл мақсатта 1000-ға жуық тал дарақтары егіліп, гүлзарлар қайта қалпына келтірілді. Одан бөлек саябақтар мен скверлер тазартылып, көріктендіру жұмыстары талапқа сай орындалды. Ағаштар мен электр бағандары әктеліп, жұмысқа барлығы 10-ға жуық техника жұмылдырылды.
Аудан аумағын көріктендіру, санитарлық тазалау және көгалдандыру мақсатында өткізілген сенбіліке аудан әкімі Ерболат Садырқұловта қатысты. Аудан басшысы Құлан ауылын аралап, сенбілік жұмыстарының барысымен танысты.
Жалпы сенбілікке аудан әкімдігінің аппараты, қаржы, білім, спорт бөлімдері, сондай-ақ, №1 мектеп-лицейі белсене қатысты. Сонымен қатар, сенбілік жұмыстары ауылдық округтерде де іске асырылып, аталмыш шараға ауыл тұрғындары да үлестерін қосты.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.
Поделиться ссылкой: