Әлеуметтік топтамалар үлестірілді

541 Views

Ана мен Бала

Кеше аудандағы аз қамтылған отбасыларға кепілдендірілген әлеуметтік топтамалар үлестірілді. Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте өткен шараға аудан басшысы Ерболат Садырқұлов пен бірқатар бөлім басшылары қатысты.

Соңғы кездері мемлекет тарапынан ана мен балаға көрсетіліп жатқан көмектер өте көп. Осыған қарап-ақ, еліміздегі әр ана мен баланың жағдайы тікелей бақылауда тұр десек қателеспейміз. Оны аудан аумағында атқарылып жатқан шаралардан-ақ анық аңғаруға болады. Мәселен, аудан бойынша 2020 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке жалпы 995930,0 мың теңге қаражат бөлінген. Оның 563140,0 мың теңгесі республикалық бюджеттен бөлінсе, 173117,0 мың теңгесі облыстық бюджеттен қарастырылған. Ал, қалған 259673,0 мың теңгесі жергілікті бюджеттен тағайындалыпты. Бүгінгі күні аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайы толық зерделеніп, жан басына шаққандағы табыстары күнкөріс деңгейінің кедейшілік шегіне жетпейтін 1214 отбасы анықталған. Осы күнге дейін 6938 адамды құрайтын аталмыш отбасыларға 99539,0 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек берілген. Оның 45373,0 мың теңгесі қаңтар айында 1022 отбасыға төленсе, қалған 54166,0 мың теңгесі 1214 отбасыға үлестіріліпті.
Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер мұнымен шектеліп қалған жоқ. Өздеріңіз білетіндей жыл басынан бері 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік топтама беру жоспарланған болатын. Бұл бағыт бойынша аудан басшылары бюджеттен 109827,0 мың теңге қарастырған. Оның 63056,0 мың теңгесі республикалық бюджеттен бөлінсе, 46771,0 мың теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген. Аталмыш мәліметтерді бізге аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айхан Назарбеков әлеуметтік топтамаларды тапсыру кезінде мәлім етті. Сонымен қатар, бөлім басшысы кепілдендірілген көмек түріне 1348 отбасы қол жеткізетінін айтты.
Кепілдендірілген әлеуметтік топтамалардың алғашқы легін аналарға табыстауға аудан әкімі Ерболат Садырқұлов та арнайы келіп қатысты.

Шара барысында аудан басшысы аналар мен балаларға көрсетіліп жатқан көмектердің маңыздылығына тоқталып кет­ті. «Ана мен баланың өмірі елі­міз үшін аса маңызды. Әсіресе, мен үшін балалардың дұрыс тамақтануы бірінші кезекте тұрған мәселелердің бірі. Сол себепті де мен ауылдық округтерді аралау кезінде мек­тептердегі ыстық тамақпен қамту жұмыстарына көп көңіл бөлемін. Бүгін сіздерге үлестіріліп беріліп жатқан әлеуметтік топтама мектеп жасына жетпейтін 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға беріледі. Бұл қорап ішінде бала ағзасына қажетті дәрумендерді беретін көптеген тағам түрлері бар. Аталмыш көмектің түрі әр балаға бір-бір топтамадан берілетін болады» деп, мемлекет тарапынан көрсетілетін өзге де көмектер жайында сөз етті.
Өз кезегінде кепілдендіріл­ген әлеуметтік көмектің шапа­ға­тына бөленген аналар аудан басшыларына алғыстарын жаудырды. Солардың бірі көп балалы ана – Балжан Шәбенова. Құлан ауылының тұрғыны аз қамтылған отбасыларға дәл осындай назар аударылып жат­қанына ризашылдығын біл­ді­ріп, қуанышымен бөлісті.
Кепілдендірілген әлеумет­тік топтама 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға ай сайын берілетін болады. Оның ішінде азық-түлік жиынтығы 1-ден 3 жасқа дейін және 3-тен 6 жасқа дейін балалардың жас санаты­на байланысты берілмек. Ал, тұрмыстық химия тауарлары­ның жиынтық­тары әрбір тоқсан сайын жоспарға сәйкес беріле­тін болады.

Жәнібек СӘДУАҚАС.

Поделиться ссылкой: