Абайлықтардың бастамасы көпке үлгі

306 Views

Наурыз мерекесі қарсаңында Абай ауылының тұрғындары игі бастаманы қолға алды. Соңғы бір апта көлемінде ауыл адамдары көше бойына тіз қатар шырша егіп жатыр. Ауыл әкімі Мұратбек Арыстанбеков орталық Қаныш Сәтбаев көшесінің бойындағы тұрғындар биыл түгел көшет отырғызады деген сенімде. Біз барғанда Гаухар Қыдырова есімді ауыл тұрғыны көршісімен бірлесіп жаңадан шырша отырғызып жатыр екен. «Үйімнің айналасына түгел тал ектім. Қазір көшет отырғызатын жер қалмады» деген ол бұл ұсынысты ауылдастарына осыдан екі жыл бұрын айтыпты. Игіліктің ерте кеші жоқ емес пе? Бастысы осы бір игі бастама көпке үлгі. Біз кеше ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Рысбек Секербековтың шаңырағына да бардық. Ақсақал 65 жасқа толып, туған күнін шырша отырғызудан бастапты. Қасына ұлдары мен немерелерін ертіп, екі түп шырша екті. «Елбасы «Туған жерге туыңды тік» деп бекерге айтқан жоқ. Ел болып осылай еңбек еткен дұрыс. Кейінгі буынға өнеге» деген ақсақал «Мен үнемі ауыл әкімдері өз ауылының азаматы болуы керек» дегенді айтып жүремін дейді. «Осы тірлікті ұйымдастырып басы-қасында жүрген ауыл әкімі өзіміздің ауылдың азаматы. Ауыл үшін еңбек етіп, шауып жүр» деп ауыл әкімінің жұмысына ризашылығын білдірді.
Ауыл әкімі биыл орталық көшеге 4,5 шақырымдық жаяу жүргінші жолы салынатынын жеткізді. «Аудан басшысы қаржысын берді. Жаяу жүргінші жолы салынған соң келесі жылы жолдың екінші жағына да шырша егеміз. Сонда орталық көше аллея болады» деп алдағы жоспарларымен бөліскен Мұратбек Дәкенұлы ауылдағы жастар сарайының алдын да 20 жылдық түлектер абаттандырып жатқанын жеткізді.

Мереке Ержанұлы.

Поделиться ссылкой: