Темір жол бекеті бақылауға алынды

813 Views

Кеше аудан әкімі Ерболат Садырқұлов аудан аумағындағы санитарлық жұмыстардың орындалуын қадағалау мақсатында Луговой теміржол бекетіне арнайы барып қайтты. Ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, бірқатар мәселелерді шешу үшін жауапты мамандарға тапсырмалар берді.
Іргетасы 1927 жылы қаланған бекеттің жұмысы жыл өткен сайын жанданып келеді. Сол себепті онда келетін жолаушылар саны да уақыт өткен сайын артуда. Тіпті, бұл бекетке қырғыз, өзбек, тәжік елдерінің азаматтары да келіп аялдайды. Бекет басшылары осы жағдайды ескеріп, вокзал аумағында санитарлық тазалау жұмыстарын кү­шейткен. Атап айтар болсақ, вокзал ішін толықтай дезинфекциялап, әрбір екі сағат сайын тазарту, желдету жұ­мыстарын жүргізіп отырады. Бірер күн бұрын Бішкек, Ташкент, Нүкіс қала­ларына қатынайтын халықаралық көлік қозғалыстары да тоқтатылған. Нұрсұлтан және Алматы қалаларының оқшау­лануына байланысты қос шаһарға жол билеттерінің сатылуына шектеу қо­йылған. Сонымен қатар, елімізде қауіпті дерттің таралуына байланысты төтенше жағдай жаряланғандықтан, билеттер кері қайтарылып, олардың құны толықтай жолаушыларға қайтарылып берілуде. Мәселен, соңғы үш күннің өзінде касса арқылы 261 билеттің құны кері қайтарылған. Аталмыш мәліметтердің барлығын аудан әкіміне вокзал бастығының кезекші көмекшісі Гүлмира Айнақұлова мәлімдеп берді. Сонымен қатар, Гүлмира Әлімбекқызы коронавирус дертінің таралмауын алдын алуға байланысты өзге де шаралардың қолға алынғанын жеткізді.
Теміржол маманының мәліметтерін тыңдаған аудан әкімі Ерболат Садыр­құлов жолаушыларға билет құнын кері қайтару, бекет аумағына тазарту жұмыстарын жүргізу, жолаушыларға жайлы жағдай жасау жұмыстарын өз деңгейінде жүргізіп, бекетті қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар, Ерболат Салқынбекұлы аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әл­пейісов, ауыл әкімі Мұратбек Сванов, теміржол станциясының бастығы Тимур Қисановпен ортақ пікір алмасып, жа­уапты мамандарға қауіпті дертпен кү­ресу бағытында жекелей тапсырмалар бер­ді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ .

Поделиться ссылкой: