Дәстүрлі емес діни ағымдардың қоғамға деген әсері
Дәстүрлі дін мен дәстүрлі емес діндердің ара-жігін ажырата алмайтын адамдар қоғамымызда әлі де көптеп кезігеді. Заң аясында жұмыс істеу дәстүрлі діндерде қалыпты құбылыс, ал дәстүрлі емес діндердің іс-әрекеттерін бақылап отыруға тура келеді.
Қазіргі таңда елімізде теріс бағыттағы жат ағымдар, атап айтқанда, уахабилік, Хизбут Тахрир, такфирилік (күпірге айыптаушы) т.б. жамағаттар халықтың санасын улап, ата-бабамыздың ұстанып келген Абу ханифа мәзһабын адасқанға санап, салт-дәстүрлерді жоққа шығарып, ұстануға болмайды деп, ата-ананы сыйламауға, оларды күпірлікке айыптап, өздерінің көздеген мақсаттарына, елдің болашағы жастарымызды үгіттеп, қол шоқпарына айналдыруда. Бұл — еліміздің бейбітшілігіне төнген қауіп.
Жалпы, дәстүрлі емес діни ағымдардың көздеген мақсаты – халықты айтқанға көнетін ойсыз топқа айналдырып, оларды жанды қуыршақ сияқты басқару, санасына әмір жүргізу болып табылады. Кезкелген адамды халықтың, не болмаса қандай да бір ұйымның құрамдас бөлігі ретінде қарастырсақ, тұлға ұйымның ортасына түскен кезде сол ұйымның ықпалына бейімделгіш келетіні белгілі. Тұлға ұйымның арасында қалған сәттен бастап бұрынғы табиғи қалпынан өзгеріп, мүлде басқаша ойлай бастайды, сол ұйымға тән іс-әрекеттерді жасайтын болады.
Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары дін дегеніміз осы екен деп еліміздің көптеген жастары шетелге діни білім алуға аттанып, кейін, сол діни білім алған кейбір азаматтарымыз өздері білім алған мемлекеттің менталитеті мен салт-дәстүрлерін өзінің әдет-ғұрпынан жоғары қойып, үлкен адасушылықтарға бой алғыза бастады. Сол алған білімдерімен елімізде дінге бет бұрған жастарға уағыз айту үрдістерін бастап кетті. Бірақ ол жастар дәстүрлі Ислам дінінің негіздерін үйреніп жатпағанын білмеді. Уақыт өте келе түсініспеушіліктер пайда болып қоғамда өз ішінен бөлініп, жалпы жастардың діни дүниетанымы өзгеріп, саналарына жихадизм, терроризм түсініктері пайда бола бастаған. Бұл, мемлекет пен елдің бірлігі, қоғамның қауіпсіздігі үшін ең қауіпті індеттің бірі екендігі бүгінгі таңда жасырын емес.
Жалпы зайырлы қоғамды алаңдатып отырған мәселе дәстүрлі емес діни ағымдардың қатарын жастардың құрауы болып отыр. Бұл жастардың дәстүрлі емес діни ағымдарға кіріп кетуінде бірнеше себептері бар, атап айтатын болсақ, біріншіден, еліміздегі жастардың діни сауаттылығының әліде болса төмендігі. Екіншіден, қоғамдағы әлеуметтік жағдайдың әсері, материялдық жетіспеушілік, яғни, жұмыссыздық мәселесі.
Ұлттың болашағы мен елдің ертеңін, және болашақ ел тарихының негізін қалау – болашақ жастардың қолында дейміз. Ендеше түрлі теріс діни ағымдар өз қатарларына не үшін қазақ жастарын тартудың себебін пайымдау қиын емес.
Дін – мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды факторлардың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Тәуелсіз Егеменді еліміздің бірлігіне қол сұққан жат ағымдардың теріс саясатынан сақтану жолдары – бей ресми діни білім беру орындарына көңіл бөлу, және бастауыш, орта және жоғарғы оқу орындарында діни негіздердің түп-нұсқасын дұрыс түсіндіру, дін қағидаларын білікті, білімді дін мамандары арқылы жеткізу, халықтың діни сауатын ашатын оқу орындарын көбейту. Елімізде тез тарайтын ақпараттардың бірі — әлеуметтік желілерді бақылауға алу. Бұл шараға тек қана дін қызметкері ғана емес, еліміздің әрбір азаматы ат салысуы қажет. Сонда ғана бейбіт еліміздің тыныштығы сақталып, қазақ даласы өркениетті, бірлігі берік, шаңырағы биік Ел болады.