Ауданда ауқымды істер атқарылмақ
Қазіргі болып жатқан дүние жүзін жаулаған коронавирус дерті барша халықты алаңдатуда. Жақында ғана Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған мәлімдемесін ықыласпен қарсы алдық. Ондағы шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, үкіметтік жанар-жағар майдың нарықтық бағасын он бес пайызға арзандатуы, дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне үш ай бойы қосымша үстемақы төленетіні, тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік тегін алатын азаматтардың қатары көбеюі, инфляцияның артуына байланысты зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін өсіру мәселелері -халықтың әл-ауқатын көтеру жолындағы ауқымды істер.
Мемлекет басшысы төтенше жағдай кезінде орындалуы тиіс бәрімізге ортақ жұмысты айқындап берді: «Індетке шалдыққан адамдарға барлық жағдай жасалып, көмек көрсетеміз. Осы тұрғыда дәрігерлер бүгінгі күннің батырлары және олардың ерен еңбектері ескеріліп, оларға 3 ай бойы үстемақы беріледі» — деді. Расында да медицина қызметкерлері — бүгінгі күннің батырлары, олар барлық ықылас пен құрметке лайық абзал жандар. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы зейнетақы мен АӘК алатын азаматтарға, кәсіпкерлерге, мүгедек жандарға және мүгедек азаматты қарап отырған азаматтарға, ресми тіркелген-тіркелмеген жұмыссыз азаматтарға да мемлекет тарапынан қолдау білдіріп, көмек көрсетілетінін жеткізді. Оған бөлінген және қарастырылған қаржы да қомақты, тапсырылған міндеттер мен мақсаттар да орынды. Қазіргі жағдай – ол уақытша қиындық. Біз оны бәріміз бірге міндетті түрде жеңеміз! Бастысы -шыдамдылық, сабырлық және жауапкершілік!
Алты қырды асып келіп, алты құрлықты ауыздықтаған індетке қарсы Үкімет ауқымды жобаларды қолға алды, нарықты, экономиканы тұрақтандыру шарасына басымдық беріп, ауылдық жерлерде жұмыс көзінің ашылуын, шағын және орта бизнесті, аграрлы саланы дамытуға ерекше көңіл бөлуі- көңіл қуантарлық жағдай. Үкіметтен бастау алған игі істер ауданда жалғасын тауып, елдің әлеуетін арттыруға сеп болмақ.
Өткен жылы аудан аумағында 9 жаңа медициналық нысан салынып, халық игілігіне пайдалануға берілген болатын. Атап айтсақ, жаңа медпункт құрылысы Қорағаты, Жалпақсаз, Көкдөнен, Көгершін, Алғабас, Малдыбай, Көкарық, Сәлімбай және Сөгеті елді мекендерінде бой көтеріп, сол мезетте аталған ауылдардың халқы шын пейілмен риза болысқанын көз көрді.
Бұл әрине, біріншіден, «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қағиданы өзінің қызметтік принципіне балайтын аудан әкімі Садырқұлов Ерболат Салқынбекұлының іскерлігі мен еселі еңбегінің арқасы.
Аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлының жүйелі жұмысының нәтижесінде биыл да аудан аумағындағы ұзақ жылдан бері шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің түйткілі реттелейін деп отыр. Мәселен, биыл ауылдық елді мекендердегі және аудандық маңызы бар асфальт жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына 796 млн.739 мың теңге қаражат бөлінген. Бұл дегеніңіз — 2020 жылы да жол мәселесі бойынша ауқымды тірліктер атқарылады деген сөз.
Бұдан бөлек биыл Тасшолақ, Бәйтелі мен Әбжапар ауылында су құбыры желілері мен су іркуіш құрылысы, Құмарық пен Жарлысу ауылына су құбыры желісі мен су алғыш құбырын салу, сондай-ақ, Құлан ауылындағы орталық су алғыш құрылысын реконструкциялау жұмыстары да жүргізілетін болады.
2020 жылы білім беру мекемелерінде ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды тірліктер атқарылады. Мәселен, Қазақ ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепке мәжіліс залы және екі пән кабинетінің құрылысы салынып, Рахым Сәбденов ауылындағы Ақбұлақ, Көгершін ауылындағы Ақтоған, Құмарық ауылындағы Болтай батыр, Қарақыстақ ауылындағы Бауыржан Момышұлы және Қызылшаруа ауылындағы № 3 шағын орталықты орта мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасындағы қалалардың және аудандық елді мекендердің объектілерін жөндеу шеңберінде жүзеге асатын аталмыш мектептердің құрылыс жұмыстарына 1 млрд.60 млн. 369 мың теңге қаражат бөлініп отыр. Бұдан бөлек, аудан орталығындағы ордалы білім ошағының бірі болып саналатын жүз жылдық тарихы бар №1 мектеп-лицейіне, Әлихан Бөкейханов және Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептеріне де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. «Жұмыспен қамтудың жол қартасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асатын күрделі жөндеу жұмыстарына 893 млн. 60 мың теңге қаражат бөлінген.
Жыл басында Тараз қаласында орын алған оқыс оқиға жұрттың жағасын ұстатқанын білесіздер. Содан кейін, қоғамда оқушыларды сыртқа шығармай, әжетхананы жаппай мектеп ішіне орналастыру керектігі сөз болды.Тіпті көптеген білім ошақтары бұл ұсынысқа қолдау көрсетіп, әжетхананы мектеп ішіне орнатып та үлгерген еді. Ауданда бұл бойынша да жүйелі жұмыстар жасалып жатыр. Атап айтсақ, аудан аумағындағы 39 мектептің 26-на әжетхана орнатуға 142 млн.60 мың теңге қаражат бөлініп отыр. Бұл- өте дұрыс шешім. Өйткені мектеп оқушысы қырғидай тиетін қаныпезер қаскөйлерден қорқып емес, сан салалы сабақты алаңсыз оқып, мұғалім дәрісін мұқият меңгеріп, алға ұмтылуы қажет.
Осы аталмыш құрылыс жұмыстарына барынша ауыл азаматтарын қамтып, ауылдық жерде жұмыссыздықты қысқарту шаралары, жастардың, ауыл тұрғындарының ел игілігі жолындағы істерге белсенділік танытуы басты мақсат саналуда.
Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты 2020 жылғы 2 сәуірде ҚР Президенті «Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы» №296 Жарлыққа қол қойды. Бұл шара карантин жағдайында қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Төтенше жағдай режимін ұстап тұруда мемлекетке жәрдемдесу үшін қажет. Осылайша, ел басшылығы елдің қалыпты өмірге келуі үшін барлық ресурстарды пайдалануда. Арнаулы жиындар – жұмылдыру емес. Мұндай жиындар – жыл сайын әрбір өңірде өткізілетін жалпы қабылданған тәжірибе. Қазіргі сәтте Жарлықты қабылдау оның ішінде жастардың көптеген бастамаларымен де байланысты. Қазақстандық жастар – патриоттар. Өз күш-жігерін іске асыру және Отаны мен халқына көмек көрсету үшін ТЖ кезеңінде қоғам қорғаушыларының қатарына қосылуға ұсыныстар мен тілектер келіп түсуде. Жарлыққа сәйкес әскери міндетті қазақстандықтарды медициналық қызмет атқаруға, оның ішінде дезинфекциялау жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз етуге тартатын болады. Сондай-ақ, жиындарға шақырылған азаматтар тасқынмен күреске, елді мекендерде және бекеттерде құқықтық тәртіпті күзетуге жәрдем көрсететін болады. Кешегі күннен бастап облыс көлемінде карантиндік режим жарияланды. Соған қарамастан, аудан тұрғындары арнайы бекітілген тәртіпке сай тұрақты жұмысын, ауыл шаруашылық жұмыстарын, құрылыс және жол жөндеу, ауыз су құрылысы жұмыстарын, шағын кәсібін жалғастырып, аудан экономикасын көтеру бағытындағы жұмыстарына үлес қоса бермек. Ал ағайынның қосар үлесі сол- бекітілген талаптарды орындап, төтенше жағдай кезінде карантиндік режим талаптарына бағыну, ынтымақты тірлік пен бірлікті ұстану. Бірлігі асқан елдің берекесі таситынын жадымызда ұстанайық, ағайын!
Марат Диханбай.