Шоқ тілді Шона
42 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Атының өзі қолайсыздау естілетін коронавирус індеті қазіргі таңда телеэкранның да, газет біткеннің де басты тақырыбы болып тұр. Теледидарды қосып, жаңалық тыңдасаңыз да, еліміздегі республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі бұқаралық ақпарат көздерін оқып шықсаңыз да, қолына микрофон мен қалам ұстаған журналистердің сюжетін көріп, мақалаларын оқисыз. Демек ел басына қиын сәт туғанда журналистер де халықпен бірге.
Халықпен бірге дегеннен шығады, аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың 2020 жылдың 31 қаңтардағы №08-ө өкімімен ауданда азық-түлік, жанар-жағармай және халық тұтынатын тауарлар бағасын тұрақтандыруға ықпал етуге байланысты арнайы штаб құрылған. Штабтың төрағасы аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлының өзі. Айта кетейік, қоғамдық штабтың құрамында 15 адам бар. Олар бес-бестен үш топқа бөлінген. Мына нәрсені ашық айтқан абзал. Ерболат Садырқұловтың жетекшілігімен құрылған осы қоғамдық штаб мүшелері дәл осындай қиын сәтте халықты бірлікке шақырып, азық-түлік бағасының тұрақтылығын бақылауда ұстап, ауқымды жұмыстар атқарып келеді.
Өткен сейсенбіде қоғамдық штабтың құрамындағы бестік, яғни аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Сақтасын Тастанов, аудандық Қоғамдық кеңес мүшесі Әбдіқадір Оңалбеков, жеке кәсіпкер Ертіс Тұғылшиев, «Құлан таңы» газетінің директор-бас редакторы Мұратбек Өмірзақов және аудандық статистика басқармасының маманы Сандуғаш Өкенова орталық базар ішіндегі бірқатар дүкендерді, сондай-ақ, «Эконом Плюс», «Сопы», «Аяжан» сынды аудандағы ірі сауда орталықтарын аралап, ондағы азық-түлік бағаларына мониторингтік талдау жасады. Талдау нәтижесі барысында «Эконом Плюсте» «Мадина» макарон өнімінің, ал «Аяжан» сауда орталығында қарақұмықтың (гречка) бағасы едәуір өскендігі байқалды. Дүкен қожайындары аталған өнімнің бағасын өздері емес, тауар тасымалдаушы тараптың өкілдері қымбаттатып отырғанын айтады. Алайда, штаб мүшелері бағаны шарықтатуға ешқандай негіз жоқ екенін айтып, дүкен қожайындарының қолына Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 21 наурыздағы №133 қаулысымен бекітілген ҚР ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрлігінің «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағаларын енгізу туралы» бірлескен бұйрығын көрсетті. Ол бұйрықта «Бірінші сортты бидай ұнының келісі — 149 теңге, макаронның (өлшеніп сатылатын) келісі – 206 теңге, күріш – 258 теңге, сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі)- 1774 теңге, I санатты тауық жұмыртқасы (ондық) – 271 теңге, күнбағыс майының бағасы – 418, ас тұзының бағасын («Экстра» тұзынан басқасы) – 52 теңгеден асырмау қажеттігі» жазылған. Аталған бұйрықпен жіті танысқан дүкен қожайындары алдағы уақытта баға тұрақтылығын сақтауға уәде етіп, азық-түлік өнімдерін қымбаттатпаймыз деп сендірді. Мониторингтік талдау жұмысы кезінде осы жағдайды пайдаланып, бағаны негізсіз өсіріп, оңай олжаға кенелгісі келетіндерге заң жүзінде шара қолданылып, айыппұл салынатыны ескертілді.
Түйін: Қазір елге танымал азаматтар мен азаматшалар әлеуметтік желідегі парақшаларында ұлтқа басу айтып, елді бірлікке, татулыққа шақыратын видеолар салып жатыр. Есім сойылы мұқым қазаққа белгілі талантты актер Бекжан Тұрыстың ілгеріде жазған мына бір ой толғауы көпшілікті таңдатқаны рас. Ол «Қазақ қазақ болғалы талай зобалаң көрсе де, тарықса да, біржола үмітсіздікке берілмей іштей рухани медет іздеп өсіп-өнген ел. Атынан ат үркетін «оба», «сүзек» сияқты індеттің болғаны да, айналаны лаң қылып ойранға салғаны да рас. Оны еске түсіру үшін өткенге көз салсаңыз, мысалы жетіп жатыр. Осыған дейінгі «құс тұмауы», «шошқа тұмауы» деп те үрей ұшырған кез болған. Бірақ бұл жолғы коронавирустың – (сәтсіз аударылса да) тәжтажалдың дүниежүзін дүрліктіріп дүрбелеңге салып отырғаны да ақиқат. «Сабыр түбі – сары алтын» дегенді айтқан да, түсінген де халықтың баласымыз ғой, Алла ақырын, құдай түбінің қайырын берсін. Осындай қауіп-қатердің есебінен байып қалуды көздейтін ниеті жамандардың пасықтығына да жаның ауырады. Мұндайда кез келген адам керісінше кісіліктен аттамай, адамгершілікті ұмытпай, бір үйдің баласындай біріне-бірі жанашырлық танытқаны жөн ғой. Олай болса, Үкімет басындағылардың ескертіп жатқан сақтық шарасын отбасыңызда да сақтаңыз» деп жазды актер өзінің инстаграмм парақшасында. Шындығында да, «Бірлік бар жерде тірлік бар» ардақты ағайын. Мемлекет нұсқаған пәрменді барынша қолдауға тырысайық.
Марат Жолдасбекұлы.