Бюджет қоржыны қомақты

601 Views

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың алтыншы шақырылған кезекті елу үшінші сессиясы өтті.
Аудан әкімі Е.Садырқұлов сессияға ұсынылған күн тәртібіне сай 2020 жылғы ауданның бюджеті туралы егжей-тегжейлі баяндап, алдағы уақытта атқарылар ауқымды жұмыстарды түсіндірді.
Биылғы жылы аудан бюджеті 20152,3 млн. теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 5611,8 млн. теңгеге немесе 27,9 пайызға артқан.Бұл қыруар қаражатқа ағымдағы жылы аудан аумағында халық игілігі жо­лында ауқымды шараларды атқару жоспарланған.
Атап айтар болсақ, 8 елді мекенде ауыз су құрылысы басталды. Құлан ауылы орталығындағы 46 көшеге, Луговой ауылында 17 көшеге орташа жөндеу жұмыстары, жалпы 98 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Көшені абаттандыру, тротуарлар орнату мәселелері шешімін табады. Әрбір елді мекендерде жоспарға сай көшені жарықтандыру мәселесінің шешілетіні туралы да айтып өтті.
Ауданда 36 жоба аясында ауыл мек­тептеріне ағымдағы жөндеу жұмыс­тарын жүргізу, оның ішінде мектеп дәретханаларын жөндеу жұмыстары, 8 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оқушыларды тасымалдауға 2 автокөлік алынып, тасымалдау шараларын күшейту қолға алынады.
Ауылшаруашылығы саласында пайдаланылатын 2 үлкен каналға жөндеу жұмысы жүргізіледі. Әлеуметтік сала мен мәдениет саласында бірқатар өзекті мәселелердің оң шешімін табатынын жан-жақты баяндады.
Сонымен қатар, 11 ауылдық округке газ кіргізуге жобалық-сметалық құжат дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өту кезеңі жүргізіліп жатқанын, келесі кезекте бұл жобаларды қаржыландыру мәселесі қарастырылатынын жеткізді.
Осындай нәтижелі жұмыс өз дең­гейінде атқарылып, сапалы іс-шара­лардың тиімді ұйымдастырылуын қатаң бақылау қажеттігі, оған қоғамдық бақылауды күшейту керектігін айтқан аудан әкімі Е.Садырқұлов бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуы басты назарда болатынын жеткізді.
Сонымен қатар, ардагерлер Ке­ңесі мен қоғамдық кеңес мүшелері тара­пынан қоғамдық бақылауды күшейтуге белсене атсалысуға ұсыныс берді.
Биылғы жоспарланған жұмыстардың нәтижесі халықтың сұранысы мен талап-тілектерін қанағаттандыруға бағытталғанын, әрбір жобаға бөлінген қаражаттың сапалы пайдаланылуына қоғамдық бақылауды жүргізуді тапсырды.
Сессия аудандық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасын сайлады.

«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: