Көген толы көбеген немесе «Байсейіт» шаруа қожалығына барғанда

1 369 Views

Ақбұлақ ауылдық аймағының әкі­мі Самат Шорабекұлы Атабаевтың жұ­мыс көлігіне отырып, құм жиегіндегі «Тазабек» қыстауын бетке алып келеміз. Әнеу­күнгі үш-төрт күн бойы тоқтамай жауған ақ жауыннан кейін дала жап-жа­сыл реңкке бөленіп, құлпырып тұр. Әр тұстан қозы-лағын ертіп, жамырай жа­йылған қой отарлары мен құлыны мен бұзауы ойнақтаған үйір-үйір жылқы, та­бын-табын сиыр көзге шалынады. «Жол қысқарсын» деді ме ауыл әкімі ұшы-қиыры жоқ сағымды сайын далаға көз тастап: -Қазақ: «Мал — баққанға бітеді» дейді ғой біздің аймақта мал өсіріп, қорасын қойға, шарасын майға толтырып отырған жандар баршылық. Окру­гіміздегі 53 қожалық осы шаруамен етене жақын айналысып келеді. Қазіргі таң­да ауыл-аймағымызда барлығы 758 бас мүйізді ірі қара малы, 623 жыл­қы мен 32829 бас қой бар. Осы уақ мал­дың 11792-сі аналық бас. Қазір бара көре­сіздер қойлы ауылда қой қоздап, көгенге қозы келіп жатыр, — дегенше болған жоқ же­ңіл машина «Тазабек» көктеуіне келіп тұм­сық тіреді.Қысқы көңі мен қиы тау болып үйі­ліп жатқан төбешікте қызылала яғни қа­зақтың ақ бас сиырлары көк шөпке тойып, күйіс қайырады. Қора толы қой мен қозы. Сөйтсек, «Байсейіт» ша­руа қожалығының басшысы ауылдан адам әкеліп, қозы пішіп жатыр екен. Еділбай тұқымды құйрықты қозылар до­­маланып-ақ қалыпты. Бекәділ: — Биыл төл басы жаман емес, аға шо­пан Ақылбек Тұрғымбаевтың бағы­мын­да­ғы 800 саулықтан басына бас төл алдық. Бақташы Ерболат Жұмашев жүз жиырмадан аса сиыр мен жыл­қыға ие. Көгенге қозы келіп жатса өрі­сімізді құлын мен бұзау толтырып, қаға­нағымыз қарық болып жатқан жайы­мыз бар, — дейді.
Қора жақтан жасы отызды омырау­ла­­ған жас жігіт шығып, қатарымызға қо­­сылды. Бекәділ оны «іс басқарушым» деп таныстырды. «Жас келсе – іске» деген емес пе, малдың қыстан қысылмай шығуы үшін Серік Ұзақбаев басшылық еткен малшы, механизаторлар былтыр күзде 15 мың түк шөп, он тонна жем дайындаған екен. Қыс жылы болып, мал азығы қолдағы тайлы-тұяққа молынан жетіпті, тіпті артылып та қалыпты.
– Енді аз күнде қой қырқылып, күп­кеге тоғытылып болған соң малшылар таудағы «Қарақыр» жайлауына кө­ше­ді. Айтпақшы сақпан аяқталды. Біз­дің көктеуде бір ай бойы Құлан агро­техникалық колледжінің төрт сту­­денті көмекте болды. Дінмұхамет Даулыбай, Ернар Сұраған, Әбдіқапар Жанайдар сынды жастар ірі және майда сақпанда болып, қошақандарды өлім-жітімсіз бақты. Біз студенттердің еңбегін елеп, олардың әрқайсысына 40 мың теңге көлемінде жалақы төледік,-дейді іс басқарушы С.Ұзақбаев.
Иә, көктемнің жаймашуағында бауырын көк шөпке төсеп, мамырлап жатқан қой-қозыны көріп, елдегі індетті мүлдем ұмытқандай боласың. Бірақ, қауіп-қатерден құмдағы малшы қауым да хабарсыз емес. Барлығы сақтық шараларын жасап, бір-бірінен қозыкөш жерде жүргені. Біз қайтар жолымызда Бекәділдің ағайыны Бөлтіріктің қыс­тауы жанынан өттік. (Ол туралы ма­қаланы газетіміздің келесі санында оқи­сыздар). Иә, жиекқұмда отырған ағайынды шаруагерлердің бүгінгі тірлігі шы­нында көз қуантады. Өйткені көген кө­бегенге толып, қожалықтың өрісін ке­ңейтті. Осыған Бекәділдің анасы Жанат та қуанып жүр. Қарап жүрмей сақпандағыларға үш мезгіл ас қамдап, олардың ақ батасын алуда.

С.Қожеке.
Ақбұлақ ауылдық округі, «Тазабек» қыстауы.
Суреттерде: ауыл әкімі С.Атабаев, іс басқарушы С.Ұзақбаев, «Байсейіт» шаруа қожалығының жетекшісі Бекәділ Бохаев, бақташы Ерболат Жұмашев; сақпаншы Батырбек Амантаев өрісте.

Поделиться ссылкой: