Ағаш көшеттері отырғызылды
65 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Қазіргі жағдай кімге де болсын оңай соқпай тұрғаны белгілі. Талай зұлымат замандарды басынан өткерген біздің еліміз бұл қиындықты да еңсеретініне сенімдіміз. Ол үшін бірлігіміз бекем болғаны абзал. Біз бірлігі жарасқан, қиындықта бір-біріне қол ұшын созатын, өз халқын бәрінен де биік қоятын ел екенімізді әу бастан-ақ дәлелдеп келеміз. Оған төтенше жағдай кезінде халыққа мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерді айтсақ та жеткілікті. Сонымен қатар, бұл тізімге еліміздегі бас партиялар мен сан түрлі қоғамдық бірлестіктердің ел үшін жасап жатқан игі бастамаларын қоссаңыз да болады.
Төтенше жағдай кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сенім артқан еріктілер де ел үшін аянып қалып жатқан жоқ. Керісінше бар күш-жігерін бір арнаға тоғыстырып, қолдарынан келгенше атсалысуда. Бірі – күндіз-түні блок-бекеттерде қызмет етіп жатқан жандарды ыстық тамақпен қамтыса, екіншілері – табысынан айырылып, күн көрісі нашарлаған отбасыларға тегін азық-түлік себеттерін таратуда. Дәл осындай қайырымды істермен айналысып жүрген азаматтардың қатарына Құлан агротехникалық жоғары колледжінің білімгерлерін де қосуға болады.
Жалпы алғанда колледж білімгерлері «Еріктілер жылында» бірнеше бастамаларды қолға алып, ауқымды істерді іске асырып келеді. Нақты атап өтетін болсақ, төтенше режимінің алғашқы күндерінде «Тігінші» мамандығы бойынша білім алатын студенттер қолдан бетперде тігіп, оны колледж қызметкерлеріне және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың мүшелеріне тегін таратты. Сонымен қатар, «Аспазшы» мамандығын меңгеруді мақсат еткен білімгерлеріміз «Ыстық бауырсақ» акциясын арнайы ұйымдастырып, оны ардагер ұстаздар мен жағдайы төмен отбасыларға таратып, қуанышқа бөледі.
Ерікті жастарымыз жыл басынан бері бірқатар жобаларды іске асырып, абыроймен атқаруда. Әр аптаның жұмасында бір-бір іс шарадан ұйымдастырып, игі бастамалардың ұйымдастырылуына түрткі бола білуде. Мәселен, колледж білімгерлері жуырда «Ақбота» бөбекжай-балабақшасына барып, ондағы тәрбиеленушілерге сан түрлі ойыншықтар таратты. Сонымен қатар, сурет салу құралдарын сыйға беріп, іс-шара соңында бүлдіршіндерге көңілді кеш ұйымдастырды. Одан бөлек білім ордасында «агроном», «ветеренария» бөлімінде білім алатын студенттеріміз ауыл тұрғындарының төрт түлігіне тегін екпе жұмыстарын жүргізіп, жалғызілікті қарт адамдардың үйінде болып, көгалдандыру, ағаш бұтау, тазалау жұмыстарына көмектесті. Жалпы алғанда колледжде білім алатын 26 топтың 40 %-ы аталмыш жұмыстарға қатысып үлгерді. Алдағы уақытта да біз осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, бірқатар тың идеяларды іске асыруды көздеп отырмыз.
Қазақта «Қайырымды болсаң, қайырын өзің көресің» деген тәмсіл бар. Осындай сәтте қиын жағдайда қалған жандарға көмектесу – әрқайсымыздың парызымыз деп білеміз. Ендеше біз сіздерді еріктілердің ерең еңбегін ескеріп, бас бармақпен бағалауға тұрарлық игі бастамаларды қолдауға шақырамыз.
Саясат ЕСЕЕВ,
Құлан агротехникалық жоғары колледжінің директоры.