Білім саласына қолдау – болашақ кепілі

237 Views

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп, елімізде білім беру жүйесіндегі маңызды мәселелер дер кезінде шешімін табуда. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 988 қаулысымен «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» да бекітіліп, өңірлерде білім саласын дамытуға айрықша басымдық берілуде.
Білім саласын өркендету мақсатында Жамбыл облысында да білім саласындағы қордаланған мәселелерге көп көңіл бөлінуде. Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайту, оқушы орны тапшылығы мәселесі мен оқу ғимараттарының заманауи үлгіде болуына, оқу ғимараттарының жабдықталуына, білім сапасын арттыру мен құқықбұзушылықтың алдын алуға баса назар аударып, тиісті тапсырмалар беруде.Осыған байланысты аудан аумағында білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарды білу мақсатында Тұрар Рысқұлов ауданы әкімі Ерболат Садырқұловпен сұхбаттасқан едік.

Ерболат Салқынбекұлы, білім саласы — ерекше көңіл бөлуді және мемлекеттің қолдауын қажет ететін ең үлкен сала. Бүгін өзіңізбен осы салада атқарылуға тиіс жұмыстар туралы пікірлессек?
Жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беру мәселесін шешу 3 негізгі факторға келіп тіреледі. Бірі – қаржыландыру, екіншісі – білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, үшіншісі – оқу-тәрбие үрдісін нәтижелі ұйымдастыра білетін сапалы кадрмен қамту мәселесі. Ауданның білім саласын дамытуға арналған қаржы көзі жылдан-жылға артып келе жатқаны белгілі. Биылдың өзінде бюджеттен бұл мақсатқа 12 088,0 млн. теңге қаржы бөлінді. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда, әжептеуір қомақты қаржы. Аудан бюджетінің көп бөлігін қамтитын бұл салада өзекті проблемалар да аз емес. Сондықтан қар­жының басым бөлігі биыл ау­дан мектептеріндегі қордаланған проб­лема­лардың оң шешімін табуына бағыт­талып отыр.
Жалпы аудан бойынша 39 күндізгі жалпы білім беретін мектептерде (8 бастауыш, 28 орта, 3 негізгі мектеп) 14615 оқушы білім алуда. Биыл әкімдік тарапынан жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіне ауданда барлық жағдайды қарастырып, білім нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде.
– Жақында ғана Сіздің жұмыс кес­теңізге сай ауданның бірқатар бі­лім мекемелерінде болып, ғима­раттарға жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен таныстық. Құрылыс қарқыны туралы өз көз­қарасыңызды білсек, не айтар едіңіз?
Елімізде қазіргі уақытта білім са­ласын дамыту бірінші кезекке қойылды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та білім саласына жаңа көзқарас, жаңаша бағыт беріп, оқыту мазмұнын өзгерту, жаңарту уақыты келгендігін әрдайым айтып жүр. Сол талап үдесінен шығуға аудандағы әр білім ошақтарының дайын бо­луы материалдық-техникалық жаб­дықталуына тікелей байланысты.
Биыл аудан аумағында 8 мектепте күрделі жөндеу жұмысы және 36 жобамен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Бұл — білім саласында мектеп ғимараттарының талап деңгейіне сай келуіне жасалған үл­кен қамқорлық деуге болады. Мысалы, көптен жұртшылық көкейінде жүрген, даулы мәселеге айналған Қазақ ауылын­дағы Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектебіне мәжіліс залы мен екі пән кабинеті құрылысын жүргізуге 99,5 млн.теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Бұл мектептің базасын жаңарту — кезек күттірмеген мәселе, себебі бұл білім ордасының облыстағы Республикалық эксперимент алаңы ретінде жұмыс атқаратын 4 тірек мектебінің бірі екендігін айтсақ та жеткілікті.
Осындай қосымша ғимарат құры­лысын соғу жұмысы алдағы жылдары Құлан ауылындағы Юрий Гагарин негізгі мектебінде де шешімін табады. Қа­зір спорт зал және қосымша пән каби­неттерін соғуға жобалық-сметалық құжаттама жасалып, мемлекеттік сараптамаға берілуде. Көптен бері ауыл тұрғындарының өзекті мәселесі болған Малдыбай ауылындағы Малдыбай орта мектебіне қосымша құрылыс соғу мәселесі де әкімдіктің басты назарына алынған. Сол сияқты Қарақат ауылындағы №2 орта мектепке де қосымша құрылыс қажет.Екі мектептің де жобалау-сметалық құжаты жасалған, мемлекеттік сараптамаға ұсынылады.
Енді ең маңыздысына тоқталып өтейін. Ағымдағы жылы бюджеттен 1953,5 млн.теңге қарастырылып, 8 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Құмарық ауылындағы Болтай батыр атындағы шағын орталықты орта мектебі 1991 жылдан бері жөндеу көрмей тұрғаны белгілі. Қазір онда «Қаратау Құрылыс-2030» ЖШС-і жөндеу жұмыстарын бастады, ауылдың 17 азаматы осында жұмыспен қамтылған. Көгершін ауылындағы Ақтоған шағын орталықты орта мектебінде де «Жаңатас-Құрылыс Сервис» ЖШС-і күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Аталған екі мектепте де өткен аптада болып, жеке мердігер компания басшыларымен, жоба авторлары және техникалық қадағалаушы тараптармен кездесіп, жөндеу жұмыстары бойынша біраз мәселелер талқыланды. Шешімін табуы тиіс жұмыстар бойынша сала басшылары мен мердігерлерге тап­сыр­малар жүктелді. Басты мақсат- жұмыс­ты сапалы ұйымдастыру мен қар­жыны тиімді пайдалану екендігі түсін­дірілді. Кеше ғана Қызылшаруа ауылындағы №3 шағын орталықты орта мектепте болып, «Санат-Тараз» ЖШС-і басшыларымен, құрылыс мамандарымен кездестім. Осындай кездесу Рахым Сәбденов ауылындағы Ақбұлақ орта мектебінде жұмыс атқарушы «Гарейс –Строй» ЖШС-і мен Каменка ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің мердігері «Қаратау Құрылыс-2030» ЖШС-і басшыларымен, мамандарымен, жоба авторымен кездесумен жалғасты.Барлық жерде талап біреу ғана, жоба аясында барлық күрделі жөндеу жұмыстарын сапалы атқару және құрылыс ма­те­риал­дарының сапасына ерекше мән беру. Күрделі жөндеу жұмыстарының жоба­сында кеткен кемшіліктер анық­талды, нақты тапсырмалар жүк­телді. Бұл туралы ортақ шешімге ке­ліп, аудан әкімдігі тарапынан ба­қылау күшейетіндігі, қоғамдық бақы­лау тобы мүшелері тарапынан рейд­тер ұйымдастырылатыны және «Т.Рысқұлов-Адалдық алаңы» жобалық офисі мүшелерінің қатысуымен күнделікті жұмыстың жүргізілу сапасы, еңбек заңдылықтарының сақталуы, еңбек қауіпсіздігінің сақталуы мәселелері бойынша зерделеу жүргізілетіні ескертілді. Тағы бір айта кетер мәселе, қазіргі төтенше жағдай кезінде ауыл тұрғындарына осы нысандардан жұмыс орнының табылуы. Ауыл азаматтары аталған күрделі жөндеу жұмыстарына өз үлестерін қоса алады.
Көп жылдардан бері ұстаздар мен ата-аналар тарапынан көтеріліп келе жатқан Құлан ауылындағы №1 мектеп-лицейі, Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектеп, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептерінің ғимараттарына да күрделі жөндеу мәселесі оң шешімін тапты. Таяу арада бұл ғимараттарда да күрделі жөндеу басталып, жаңа оқу жылында оқушылардың жайлы ортада оқу-тәрбие үрдісін сапалы деңгейде ұйымдастыруына мүмкіндік туатын болады.
– Ерболат Салқынбекұлы, ауданда көгілдір отын мәселесі де өзекті. Білім мекемелерін газдандыру және жылу жүйелерін талапқа сай қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар атқарылды?
Аудан аумағында 65 білім ны­саны бар. 2018 жылы облыстық бюд­жет­тен 18,0 млн.теңге бөлініп, Алғабас ауылын­да­ғы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мек­тебіне модульдік қазандық сатып алын­са, 2019 жылы аудандық бюджеттен 4,0 млн.теңге бөлініп, модульдік қазандық газға қосылып, орнату жұмыстары толық аяқталып жұмыс істеуде. Сонымен қатар 2019 облыстық бюджеттен 43,8 млн.теңге бөлініп, 6 мектептің және 1 балабақшаның, яғни Райымбек Смаилов атындағы орта мектебі, Алғабас орта мектебі, Бірлес орта мектебі, Жамбыл атындағы орта мектебі, №4 орта мек­теп, Айтқұл Шынасилов атындағы орта мектебі және «Алтын сақа» бөбекжай-бақшасы от­қа­зандығын газдандыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі таңда барлығының жұмыстары толық аяқта­лып көгілдір газға қосылды.
Қазір де аудан мектептерінің жылу жүйелері, отқазандығының сапалы жұмыс атқаруы да әкімдіктің басты назарында. Биыл 4 бастауыш мектептің отқазандығын ауыстыруға, Каменка ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп пен Қазақ ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектеп отқазандықтарына жаңа пеш орнатуға қаржы қарастырылып отыр.
– Мемлекеттік бағдарламадағы негізгі көрсеткіштің бірі — шалғай елді мекендерден жақын ауылдарға бала­ларды тасымалдап оқыту мәсе­лесі. Бұл — халықпен кездесулерде де жиі қойылатын сауал. Бұл бағыт­та ауданда қандай жұмыстар атқарылып келеді?
– Шалғай жатқан елді мекендерден жақын жердегі мектептерге оқушы­ларды тасымалдау жұмыстары да ау­данда ең өзекті мәселенің бірі екені рас. Себебі тасымал ұйымдастырылатын мектептердің автокөліктері жеке меншік иелерінікі болғандықтан, тасымалдауда көп қиындықтар тудырады. Ауылдық округ әкімдіктері мен тасымалдауға жауапты мердігер тараптар арасында автокөліктің техникалық жағдайы, сыйымдылығы, санитарлық жағдайы, қауіпсіздігі бойынша келіспеушіліктер туындап жатады. Қолда бар мүмкіндікті пайдаланудан басқа амал жоқ. Өңірде бұған дейін 3 мектепке ғана бюджеттен автокөлік сатып алу жұмысы жүргізілген. Әкімдіктің зерделеу қорытындысымен алдағы уақытта мектептерге көлік әперу мәселесін кезең-кезеңмен жүзеге асыру жоспарланды. Биыл аудан әкімдігі тарапынан жергілікті бюджет есебінен 2 автобус сатып алуға, оқушыларды тегін тасымалдауға 23 млн. теңге қаржы қарастырылған. Бұл аса мұқтаж ауыл мектептеріне беріледі.
– Құлан ауылы орталығында ха­лық санының артуына байланысты оқу­шы орны тапшылығы сезілуде. Бұл мәселе таяу арада өз шешімін таба ма?
–Аудан орталығында демогра­фия­лық өсім мен халықтың көшіп-қонуына байланысты халық санының арту үрдісі- заңдылық. Осыған қарай әлеуметтік нысандарға да сұраныс болады. Халықтың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру – әкімдік қызметінің негізгі басым бағытының бірі.
Біздің ауданымызда бұған дейін құрылыс, оның ішінде тұрғын үй құрылысы жүргізілмеген, көпшіліктің шешімін табуы тиіс ең күрделі сауалы­ның бірі де — осы. Сондықтан осы бағыттағы жұмыс бақылауда.
Биылғы жылы Құлан ауылының «Арай» алқабына 5 қабатты 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысын бастауға бюджеттен қаржы қарастырылып, құрылыс жұмысы келесі жылы жалғасын табады деп күтілуде. «Арай» тұрғын үй алқабында 524 жер телімі бар, тұрғындар тарапынан үй салу мәселесі алдағы жылдары қауырт жүретін болады. Осыны ескеріп, сол аймаққа болашақта жаңа 600 орындық мектеп құрылысын салу тиімділігі туындап отыр. Себебі қазіргі уақытта Құлан ауылындағы оқушылардың орын тапшылығы (704 орын) мәселесі бар екені жасырын емес. Егер осы алқапқа 600 орындық жаңа мектеп құрылысы берілер болса, Құлан ауылындағы оқушылардың орын тапшылығы да өз шешімін табар еді.Басқаша орын тапшылығын шешу мүмкіндігі жоқ, себебі мектептер жанынан қосымша құрылыс соғу санитарлық талаптарға сай болмайды.Бүгінгі күні мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын даярлау жұмыстары, яғни жер теліміне мемлекеттік актісін алу және тағы басқа жұмыстар жүр­гі­зілуде. Жаңа мектеп құрылысына жобалау-сметалық құжат әзірлеуге тиісті қаражат аудандық бюджеттен қарастырылатын болады.
– Ерболат Салқынбекұлы, бала­лардың өмір қауіпсіздігі мен ден­саулығын сақтау да – өзекті мәселенің бірі екенін білесіз. Оларды қосымша біліммен, спортпен қамту да — қажет дүние. Ауданда бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылады?
– Жалпы қауіпсіз орта қалыптастыру, «Қауіпсіз мектеп», «Қауіпсіз жол» жобаларын жүзеге асыруда балалардың қауіпсіз жолмен мектепке бару-қайту маршруты қарастырылып, осы бағытта да біршама жұмыстар жоспарланып отыр.
Биыл ауданда облыстық мәндегі автожол өтетін Көкдөнен, Құлан, Абай, Каменка, Жаңатұрмыс және Луговой ауылдарында жаяу жүргіншілер жолы салынып, қауіпсіздік шарасын ны­ғай­туға тағы бір қадам жасалатын болды. Бұған дейін аталмыш ауыл балалары автокөлік жүретін жолдар бойын жағалап мектепке барып қайтатынын бәріміз де білеміз. Бұл өз кезегінде балалардың арасында жол-көлік оқиғаларының жиі орын алуына сеп болғаны да ащы шындық. Осыны ескере келе, ауылдарда, әсіресе автокөлік көп жүретін көшелерге жаяу жүргіншілерге жағдай жасау қолға алынды.
Құлан ауылының орталық Жібек жолы көшесі бойына жол сызықтарын сызуға, 39 мектеп пен 17 балабақша алдына жаяу жүргінші өткелдерін сызуға, жол белгілерін сатып алып орнатуға бюджеттен 29,2 млн.теңге қаржы қарастырылды. Бұл – балалар арасындағы жол-көлік оқиғаларын болдырмау, оның алдын алу бағытында жасалған ауқымды жұмыстың бір көрінісі. Одан бөлек мектептерге бейнебақылау орнатуға 4 млн. 95 мың теңге қаржы қарастырылуда.
Балалардың бос уақыттарын тиім­ді пайдалану және жайлы орта қа­лыптастыру да назардан тыс қалған жоқ. Ағымдағы жылы ойын алаңдары Луговой, Жаңатұрмыс, Қазақ ауыл­дарында орнатылып, балалардың алаң­сыз болуына жағдай жасалады.
Балалар мен жасөспірімдердің қо­сымша біліммен, спортпен де қам­тылуына тиімді жағдай қарастыру қол­ға алынуда. Қазіргі уақытта балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына 1 спорт кешені, 2 спорт мектебі мен 102 спорт нысаны қызмет көрсетеді.
Алдағы уақытта К.Бекебаев атын­дағы орталық стадионның күрделі жөндеуін жүргізуге ЖСҚ дайындалуда. Құлан ауылына спорт кешенінің құры­лысын соғуға және Луговой ауылында дене­шынықтыру және демалыс орта­лы­ғын салуға қажетті құжаттар дайындау мәсе­лелері назарға алынды. Бұның бар­лы­ғы балалардың бос уақытында белгілі бір ортада болуын қамтамасыз етіп, құқықбұзушылық әрекеттердің алдын алуға сеп болары сөзсіз.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «100 жаңа» электронды QR-кодымен қойылған көркем әде­биет­тер тақтасы бар «Мобильді кі­тап­хана» демеушілер есебінен 23 мек­тепте қойылды. Бұл арқылы мектеп оқу­шылары мен ұстаздары онлайн форматта кітап оқуға мүмкіндік алды.
Сонымен бірге білім саласында мекеме ауласы мен ғимарат ішін бейнебақылаумен қамту, қауіпсіз тасымалдау, тамақтану нормалары мен мөлшерін қайта қарау, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау бойынша жұмыстар күнделікті назарға алынып, жұмыстар бақылауға қойылған. Ауданда білім саласында қордаланған мәселелер кезең-кезеңімен жоспарға сай өз шешімін тауып келеді. Аудан әкімдігінің білім бөлімі мен білім ордалары осы мақсатта жоспарлы жұмыстар атқаратын болады.

– Ерболат Салқынбекұлы, білім саласындағы атқарылып жатқан және алдағы уақытта шешімін табар жоспарларыңызбен бөлісіп, сүбелі сұхбат бергеніңіз үшін рақмет. Ауданның әлеуетін арттырып, экономикасын көтеруге қосар үлесіңіз көп болсын. Еңбегіңіз еселене берсін. Ауданымыздың білім саласы өркендеп, алар асуы биік болсын. Ең бастысы қолға алған жүйелі жұмыстар ел игілігіне қызмет жасап, еліміздің ертеңі жас ұрпақты оқыту-тәрбиелеудегі білім ошақтарының жетістігі көп болсын.

Сұхбаттасқан
Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: