Көкдөненде бір үй бар…

250 Views

Осы теңеуді маған сазгер досым Мэльс Өзбеков айтып еді. Бірде Көкдөнен жазығына шығып, Шал тауының салқын самалын жұтып, пәкиза табиғатты тамашалап тұрғанымызда сайын дала төсіне қызғалдақ теруге шыққан бір топ қыздарды көрдік: «Шіркін, мына аруларды қарашы, өздері қырға шыққан қырғауылдай бейғам ғой» деген Мэльс. Сол жолы біз Мэльстің ауылдағы інісі Ораздың үйіне келгенбіз. Ораздың зайыбы Күлән ағасына иіліп сәлем беріп тұрып: «Мен өзім жазушы болуды армандап едім, ұстаз болдым. Оныма өкінбеймін. Сіздің «Қызыл гүлдер, ақ гүлдер» атты ораториіңізді тыңдап көрдім. Ке­ре­мет! «Ақтамақ қарлығаштарыңыз» да қайталанбас туынды екен» деп ком­по­зитордың сөзін күтпей дастархан жа­сау қамымен жаңағы біз көрген қыр­ғауылдай алшаңдай басып төргі бөлмеден шығып кетті.
Бүгінде сол Көкдөненнің серісі болған Мэльс Өзбеков арамызда жоқ. Ол кейін «Көкдөнен вальсі», «Көгершін алқабында» және «Шал тауында ауылым» атты ән-трилогия жазды. Баяғы қаз бауыр қырғауылдай маң-маң басқан Мәкеңнің келіні бүгінде он балалы алтын тоғанақ арқалаған Батыр Ана болыпты. Өзі айтқандай, жазушы болмаса да әкесі Қожамберді туралы оның 100 жылдығына орай «Балұя» деген кітап жазып, жарыққа шығарыпты. Онысын оқып көрдім. Жазушылық алыс-шалысы тәп-тәуір.
Десек те, бұл жолы Күләннің ұстаздық жолы туралы тұщымды әңгіме жазу ойымда болған соң оның өмірлік жолдасы, менің қажылық сапарда бірге болған досым Оразға ілесіп, олардың қара шаңырағына келдім. Сөйтсем, Күлән 70-тің белесіне шығып отыр екен. Арқасында алтын шолпысы сыл­дыраған байдың қызы болмаса да Күлекең осы ауылдық округке бір кез­де әкім болған Орекеңнің жан жары ғой. Бес биенің сабасындай болған бәй­бішені әңгімеге тарттым. Оның өмір жолын сұрай бастап едім, Оразбен екеуі бір мектепте, тіпті бір партада он жыл бірге отырыпты. Бірақ, Күлән ана көріп, «тон пішкен», әке көріп, «оқ жонған» әулеттің ұрпағы емес пе, өзі қадірлеп өскен әкесі мен шешесі жайлы шежірені шертіп, біраз отырды. Содан соң барып: — Калинин мектебін Ораз екеуіміз қол ұстасып жүріп бірге бітірген соң мен оқу іздеп Семейге бардым. Ондағы Надежда Крупская атындағы педагогикалық институттың тарих және педагогика факультетіне түсіп, оны бітірген соң ауылға келдім. Сол 1973 жылы еңбек жолымды Қызылпан ағайдың мектебінде бастадым. Бір жылдан соң туған ауылыма ауысып алдым. Осы жолы бірді айтып, екіншісіне кете бермей өзімді оқуға баулыған тұңғыш ұстазым Бейсекүл әпкей Даубаеваның есімін ерекше атап өткім келеді. Егер ол кісі маған әліпті «таяқ» деп танытпаса мен педагог болар ма едім. Сынып жетекшім Сапар Өтеулин талапшыл болмаса, тәртіпті де тәрбиелі оқушы болмас едім ғой. Бұл кісілер менің тұсауымды кескен. Ал, он жыл бірге оқыған Ақтан, Мәмбет, Бердіш, Серіктерді қалай ұмытарсың. Жақында солармен елу жылдан соң бас қостық. Таяққа сүйеніп қалмаса да, көпшілігі қарттықтың «кемесіне» мініп алғанын білдік. Директорларымыз Әбжан Әміркенов, Әшімбай Әбдіхалықов, кейінгі Сатыбалды Мұқабаевтар нағыз өз ісіне берілген жандар еді-ау. Әсіресе, Мұқабаевта бір тыным жоқ еді. Өзі жаңашыл еді, сонау Мұқағали ақынның ауылына барып келіп, сол мектептегі үрдісті бізге үйретті.
Иә, Күлән бір мектептің қабыр­ғасында жүріп, зейнетке шыққанша бала оқытты. Бірақ, директорлардың осындай халыққа жаққан мұғалімді жоғары атаққа ұсынбағаны өкінішті-ақ. Ұлағатты ұстаз өзінің Горбачевтан алған «Батыр- Ана» орденін бәрінен ұлық тұтады. Өйткені, оның он баласы бар. Қайын атасы Намазбай қария бұл келін боп түскенге дейін 1972 жылы дүниеден өтіп кеткен екен. Бірақ Күлән енесі Күләнмен тату-тәтті тұрып, бақытты өмір кешті. Ораз екеуі балаларының бәрін оқытты. Тұла бойы тұңғышы –Айнұры Алматыдағы академияны біткен, экономист-статист, Гүлнәзі де осы оқуды бітірген, Гүлзаты аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары, Жанболаты құрылысшы-есепші, Бекнұры да аудандық білім беру бөлімінде есепші, Әселі жоғары білімді мұғалім, Әсемі Қарақатта психолог, Гүлдәрі кәсіпкер, Дидары инженер-геодезист, Дарханы ғана бұғанасы қатпай жатып көз жұмды.
Ерлі-зайыпты Ораз бен Күләннің он немересі, он төрт жиені бар. Олар осындай өскен-өнген әулет. «Бақ баға­ласа, басқа қонады» деген осы емес пе? Ораз екеуі де қазір зейнет демалысында. Ораз қажы алақандай ауылдың қазір ел қадір тұтқан абыз ақсақалы. Жасы жетпістен өтіп кетсе де, оның жастық жастанып жатқанын көрмейсің. Қазір ораза айы ғой, ол аудандық қажылар алқасының тапсыруымен пітір-сада­қа жинап, жағдайы төмен отба­сы­ларға бірде ұнын, енді бірде азық-түлігін апарып жүргені.Көкдөнендіктер олар­ды мерейлі, ынтымағы жарасқан, жастарға өнеге болатын отбасы дейді. Ендеше осы халықаралық отбасы күні Үкібаевтар отбасын осынау мерейлі күнімен шын жүректен құттықтаймыз.

С.Қожеке.
Суретте: ерлі-зайыпты Күлән Қожабер­ген­қызы мен ауданның «Құрметті ардагері» Ораз қажы Үкібайдың отбасында.

Поделиться ссылкой: