Қарақат жастарының қарқыны көз қуантады

779 Views

Елімізде қауіпті індеттің таралуына байланысты төтенше жағдай режимі енгізілгені
баршаңызға белгілі. Екі айға жуық уақытқа созылған карантиндік кезең жуық арада аяқталуға жақын. Осы бір уақыт аралығында ешкімде қол қусырып отырмаған болатын. Керісінше билік пен халық тарапынан көптеген ауқымды бастамалар көтеріліп, іске асырылды. Солардың бірі – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауылдарды абаттандырып, көшелерді көріктендіру.

Аталмыш жұмыстар ауданымызда да кеңінен насихатталып, өз деңгейінде орындалуда. Алдыменен, Абай ауылдық округінің жастары аты аталған бастамаға үн қосса, енді міне, осы бір игілікті істерді Қарақат жастары да қолдап отыр. Тек қолдап қана қоймай, нақты жұмыстар жүргізіп, іс жүзінде іске асырды.
Атап айтар болсақ, 1973 жылы дүниеге келген ауыл азаматтары мектеп бітіргендеріне 30 жыл толуына байланысты орталық көшелердің біріне 24 түп шырша ағашын отырғызған. Шарапаты мол шара барысында аудандық «Орталық» және Қарақат ауылдық мешіттерінің имамдары Сұлтан-шәріп Жадраев пен Азамат Барменов бастамаға үн қосқан азаматтарға алғысын айтып, батасын берді.
Қарақат ауылының тұрғындары мұнымен шектеліп қалған жоқ. Мәселен, олар Ұлы Жеңістің 75 жылдығы­на орай ауылдағы Бауыржан Момышұлы көшесіне 15 түп шырша талын егіп, ауыл тұрғындарының ыстық ықыласына бөленді. Ерікті азаматтар көше бойына шыршаларды егіп қана қоймай, оларды төрт-түліктен қорғау мақсатында қаржы қарастырып, арнайы қоршаумен қоршап шықты. Абаттандыру жұмыстарына қолдау білдірген Қанат Кертаев, Самат Байгелов, Сымайыл Гериков, Көшкінбай Құттымұратов, Нұрсұлтан Жапарқұлов, Сержан Сәрсенов сынды белсенді азаматтарға аталмыш көшенің қадірлі қариясы Әуелбай Құттымұратов батасын беріп, зор алғысын білдірді.
Тұрғындарды қуантқан тағы да бір жағымды жаңалықтарға тоқталып өтейік. Ауыл орталығында орналасқан білім ошағының маңында 2014 жылы пайдалануға берілген шағын футбол алаңы бар. Оны 1967 жылы туылған ауыл азаматтары мектепті тәмамдағандарына 30 жыл болуына байланысты бірлесіп, өз қаржысына тұрғызып берген болатын. Дегенмен, осы күнге дейін аталмыш алаңның жасыл төсеніші айтарлық­тай мәселеге айналып, доп тебуге құмартқан ауыл жаста­рын тығырыққа тіреп келген болатын. Алайда, бүгінде мұның бәрі артта қалды деуге толықтай негіз бар. Себебі, жуырда Құлан ауылдық округі әкімдігінің бастамасымен алаңның жасыл төсеніші соңғы үлгідегі стандарттарға сәйкес қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, әкімшілік қызметкерлерінің көмегімен ауыл орталығына балалар бір мезгіл сергіп алатын ойын алаңы да орнатылып, бүлдіршіндерді қуанышқа бөледі.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: