«Жас натуралистер» жарқын істердің жаршысы

456 Views

Қосымша білім беретін мектептен тыс мекемелердің бірі — «Жас натуралистер станциясы». Аудан орталығы болып есептелетін Құлан ауылындағы Абай көшесінде орналасқан мекеменің 1 әдістемелік кабинеті, 2 оқу бөлмесі және оқу – тәжірибе алаңы бар. Станцияның негізгі қызметі — оқушыны қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу, өлкедегі өсімдіктер, жануарлар дүниесінің әртүрлілігімен таныстыру, табиғат аясында өз бетімен жұмыс істей білуге дағдыландыру.
Бүгінде стансада биологиялық –экологиялық бағыттағы әртүрлі үйірме жұмыс жасайды. Қ.Маханбетқұлов басшылық етіп отырған аудан әкімдігінің білім бөлі­міне қарасты «Жас натуралистер станциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі­нің ұжымы «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қағиданы ескеріп, жемісті еңбек атқа­руда. Атап айтсақ, жас ұрпақты тәрбиелеуде биология – экология мұғалімдері Д.Әміреқұлов, Х.Сарсенбиев, Н.Бабашева, Г.Мұханбетова, М.Шайман, А.Зияттың атқарып жатқан еңбектері орасан зор.
Әрбір үйірмеде өзіне тән жұмыстар жүргізіледі. Үйірме мүшесі сирек кездесетін өсімдіктерді, әсемдік гүлдерді көбейтеді және көкөніс дақылдарының жаңа сорттарымен танысады. Сондай-ақ, көгалдандыру жұмыстарымен айналысады. Үйірме жұмыстары әр сенбі сайын қорытындыланып отырады. Оқушы бөлме өсімдігін егіп, көбейтеді, қажетіне қарай қайта отырғызып, күтім жұмысын жүргізеді.
Станция жанында оқу – тәжірибе алаңы бар екенін сөз басында айтқан болатынбыз. Аталмыш алаң гүлдер, көкөніс, жеміс ағаштары сияқты бөлімдерден тұрады. Тәжірибе алаңында оқушылар көкөніс, бақша дақылдарын өсіріп, тәжірибе жұмыстарын жасайды, сондай-ақ, дақылдың өсуі мен дамуына динамикалық, фенологиялық бақылаулар жүргізеді. Ауданның барлық мектептерін қамтыған «Жас натуралистер станциясы» осылайша биология ғылымының әр саласынан түсінік беретін орталық ғана емес, сонымен бірге, экологиялық сауатты, мәдениетті оқушыларды даярлайтын орталық болып та есептеледі. 2019-2020 оқу жылында ұжымымыздың қатары жас мамандармен толықты. Осылайша «Жас натуралистер станциясының» қызметкерлері экологиялық бағытта тәрбие беру арқылы оқушының табиғатқа қамқорлық жасап, қоршаған орта байлығын сақтау, көркейту дағдыларын қалыптастыруда зор еңбек жасау үстінде.

Л.Оразалиева,
«Жас натуралистер станциясы» КММ-нің экология мұғалімі.

Поделиться ссылкой: