СПОРТ – адам баласының айнымас серігі

731 Views

Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз.Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Біздің ата-бабаларымыз «Тәні саудың-жаны сау» -деп бекер айтпаған. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан -2030» атты стратегиялық бағдарламасында халықты салауатты өмір салтына ынталандыру басым бағыттың бірі ретінде атап көрсетілген. Сондықтан болар, бүгінгі таңда елімізде бұқа­ралық спортты дамытуға ерекше ден қойылып отыр.
Біздің ауданымыз кеңес дәуірінен бері спорт саласында айтарлықтай жетістіктерге жеткен өңірдің бірі. Нақтырақ айтсақ, «Луговой жылқы зауытынан» шыққан «Абсент» атты сәйгүліктің 1960 жылы Италия аста­насы Рим қаласында өткен Олим­пиада ойындарында чемпион атанғанын барша Алаш жұрты жақсы біледі. Абсент 1964 және 1968 жылғы Токио мен Мехико қала­ларында өткен Олимпиада ойын­дарында да қола жүлде еншілеп, ауданымыздың атын күллі әлемге тағы да әйгіледі.
Тәуелсіздік алғаннан кейін де ауданымыз спорт саласында қөп­теген жетістіктерге қол жеткізді. Егемен Қазақстанымыздың көк байрағын Олимпиада тұғырында жел­біретіп, қазақтың атын шыға­рып, әлемге танытқан жерлесіміз Ермахан Ыбырайымов бокстан 1996 жылы Атлантада өткен Олим­пиада ойындарының қола жүлдегері атанса, 2000 жылы даңқты боксшы Сиднейде өткен төрт жылдықтың басты додасында чемпион атанды. Сондай-ақ, Ислам Байрамуков еркін күрестен 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиада ойындарында 6-орынды иеленсе, 2000 жылы Сид­нейде күміс медаль жеңіп алды. Ақжүрек Таңатаров та еркін күрестен 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында қола жүлде еншілеп, жерлестерінің сара жолын жалғады. Ақжүректен кейін Елдос Сметов дзюдодан 2016 жылы Рио-де Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында екінші орынды жеңіп алып, жам­был­дықтардың ғана емес, күллі қазақтың мерейін асырған болатын. Жалпы Олимпиада ойындарындағы жүлде санын есептесек, ауда­ны­мыздың қоржынында 7 медаль бар екен. Оны біз сөз арасында жазып өттік. Әлемдік жарыстарда күш сынасып, еркін күрестен сан мәрте жеңістерге жетіп жүрген тағы бір жерлесіміз Әділет Дауланбаев, дәл осы спорт түрінен ел астанасы Нұрсұлтан қаласында өткен әлем чемпионатында үздік бес спорт­шының қатарына еніп, Токио Олимпиадасына жолдама ұтып алған Әлішер Ерғали да алдыңғы толқын ағалардың жеңісті жолын абыроймен қорғап жүр.Кикбокстан қыздар арасында 2017 жылы Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында жүлде алған тағы бір жерлес аруымыз Ақерке Наурызбаеваның да жеткен жетістігі көз қуантады. Үндістан елінде жа­лауы желбіреген жастар арасындағы Азия чемпионатында топ жарған Абай ауылының тумасы Дана Дидай да болашағынан көп үміт күтетін жас таланттың бірі.
«Бірінші байлық– денсаулық» дейміз. Ал сол денсаулықтың басты кепілі – спорт екенін біз әркез ойдан шығармауымыз керек. Спорт сөзінің мағынасы кең. Дене тәрбиесі соның құрамдас бөлігі, дәлірек айтқанда, бастапқы баспалдағы. Онымен тұрақты шұғылданған адамның денсаулығы мықты болмақ. Бұл өз кезегінде жақсы оқуға, жемісті еңбек етуге деген ынта-жігерді арттырады. Ал еселі еңбек елдің табысын еселейді, Отанның даңқын асқақтатады. Денсаулығы күшті, бойында қуат күші мол шымыр, жан-жақты дамыған адам Отаншыл әрі ата-бабадан қалған ұлан бай­тақ жерді қорғауға қабілетті ке­леді. Оны жоғарыда атап өткен жерлестеріміздің спортта бағын­дырған айтулы жеңістерінен бай­қауға болады.

Ерлік Шабеев,
аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.

Поделиться ссылкой: