БАБАЛАР ЕСІМІ – ел есінде
Егемен ел болып, тәуелсіздік алғанымызға жыл соңында 30 жыл толады. Тәуелсіздік жолында біздің батыр бабаларымыз не көрмеді десеңізші… Қазақ халқы азапты күндер мен аштықты, тіпті, сұрапыл сұм соғыстың небір түрін бастан өткерді. Дәлірек айтар болсақ, ХХ ғасыр біздің еліміз үшін қайғылы сәттермен есте қалды. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысы.
Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың аяқталғанына биыл – 75 жыл. Екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші кезеңіне айналған ұрыста қазақ батырлары да жанқиярлықпен күресті. Ресми деректерге сүйенетін болсақ, сол сәтте елімізден майданға 1 миллион 200 мың жауынгер аттанған. Қазақстандық жауынгерлердің көбісі Украинаны, Белоруссияны, Балтық бойын, Молдовияны азат етуге қатысты. Мыңдаған қазақ жігіттері Кеңес әскерінің құрамында болып, Шығыс Европа халықтарын Гитлердің қатыгездігінен азат етуіне ат салысты. Майдан даласына түскен жерлестеріміз бірінші күннен бастап-ақ жұдырықтай жұмылып, ерлікпен күресе білді. Соғыс жылдарында жауынгерлік ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандық орден-медальдармен марапатталып, 500-ден астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры, 100-ге жуық майдангер «Даңқ» орденінің иегері атанған. Төрт бірдей жерлестеріміз екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды. Олардың қатарында — Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов және Леонид Беда сынды батыр әрі ержүрек ұлдар бар. Сондай-ақ, Кеңес Одағы Батырларының қатарына қазақтың қаршадай қос қызын да қосыңыз. Оның бірі — мерген Әлия Молдағұлова болса, екіншісі — пулеметші Мәншүк Мәметова.
Көптен күткен Жеңістің туын Рейхстагта желбіреткен жауынгердің бірі қазақ екенін жақсы білесіздер. Рахымжан Қошқарбаевтың бұл ерлігі де өскелең ұрпақтың мәңгі есінде қалатыны сөзсіз. Одан бөлек жау тылында болып, партизандардың қатарында өз міндетін мүлтіксіз атқарған Қасым Қайсеновтің ерлігін де ұмытуға болмайды. Ал танымал қолбасшы, әскери жазушы, жуалылық жауынгер Бауыржан Момышұлы мен елімізде жасақталып, Мәскеуді қасық қаны қалғанша қорғаған 28 панфиловшылардың ерлігін білмейтін қазақ жоқ шығар, сірә! Дәл осындай батыр бабаларымыздың есімдері ел есінде мәңгі сақталуы тиіс. Себебі, олар — Жеңісті жақындатқан сарбаздар.
Майдан даласына ауданымыздан 6235 сарбаз аттанып, оның 3017-сі туған жеріне аман-есен оралған. Бірақ, өкінішке орай жыл өткен сайын сол батырлардың қатары сиреп барады. Бүгінде арамызда сұрапыл соғысты өз көзімен көрген 3 қана жерлесіміз бар. Игенбек Құрбанов, Асаубай Сүлейменов, Жахан Мырзахметов ақсақалдардың жағдайы біздің жіті назарымызда. Мәселен, мереке қарсаңында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов бастаған топ аты аталған қарияларды құттықтап, қал-жағдайын біліп қайтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыстауды да ұмытқан жоқ. Сондай-ақ, биыл Жеңістің 75 жылдығына орай, аудан аумағындағы Ұлы Отан соғысы батырларының құрметіне қойылған ескерткіш тақталарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы іске бастамашыл болып, жұмысқа белсене атсалысқан азаматтарға айтар алғысым шексіз.
Қожайхан БИЖАНОВ,
аудандық ардагерлер
Кеңесінің төрағасы.