Елімізде 150 мың пәтер бой көтереді

583 Views

Үй кезегінде тұрған азаматтарға баспана беру бүгінгі күннің кезек күттірмейтін міндеттерінің бірі. Сондықтан да елімізде осы бағыттағы жұмыстар қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Соңғы кезде әр түрлі бағдарламалар іске қосылып, олар ел азаматтарының тұрғын үйге деген мұқтажын орындауға кіріскен. Дегенмен, мұның өзі де аз болып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, тұрғын үйге қатысы бағдарламалар тиімді жұмыс жасағанымен, телміріп кезек күткен жандардың қатары азаяр емес. Тіпті, бұл күрделі мәселені ең тиімді бағдарлама деп саналған «7-20-25» — те шеше алмай отыр. Себебі, Елбасының бастамасымен қолға алынған бағдарламаға қатысу үшін кейбір үй сатып алғысы келетін азаматтардың жиған-тергені алғашқы жарнаның өзін өтеуге де жетпейтін секілді.
Жаңа үйге қоныстанғысы келе­тіндердің ендігі арманын «5-10-20» бағ­дарламасы жүзеге асырмақ ниетте. Аталмыш бағдарламаны жуырда ел Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде атап айтқан бола­тын: «Қолжетімді тұрғын үй құры­лысы экономиканы дамытуға, жұрт­ты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, баспана мәселесі әлеу­мет­тік қолдау көрсетудің маңызды фак­торына айналуы керек. Елбасының бастамасымен қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы ипотекалық несие беру ісіне және тұрғын үй құрылысына тың серпін берді. Кезекте тұрған азаматтардың мәселесін шешу үшін тұрғын үй несиесімен қамтамасыз етуге арналған «5-10-20» жаңа жобасын іске асыруды тапсырамын. Осыған орай дағдарысқа қарсы бөлінген қаражат есебінен 390 миллиард теңге бөлеміз» деп, көптің көкейінде жүрген көп сауалға нақты жауап қайтарды. Мемлекет басшысының айтуынша биыл елімізде бұрын-соңды болмаған көлемде тұрғын үй салынады деп жоспарлануда. Нақты деректерге сүйенер болсақ, биыл ел аумағында 15 миллион шаршы метр немесе 150 мың пәтер бой көтермек. Сонымен қатар, Президент «Отбасы банкін» құруға кеңес берді. «Азаматтарымыздың тұрғын үй жағдайын жақсарту – маңызды мәселе. Шын мәнінде, бұл – Үкімет жұмысындағы стратегиялық басымдығы бар бағыттардың бірі. Сол үшін институционалдық құрылымды жаңғырту керек. Үкімет жыл соңына дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы негізінде толыққанды даму және қолдау институты саналатын «Отбасы банкін» құруға тиіс. Бұл құрылым тұрғын үй есебін, кезекке қою және үй беру тәртібін бір орталықтан жүзеге асыратын болады» деп баспанамен қамту мәселесін шешу жолдарын айқындап берді.
Алдағы уақытта республика азаматтары зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға пайдалана алады. Мемлекет басшысы аталған мәселе бойынша тапсырмаларды жауапты мамандарға бұған дейін де берген болатын. Дегенмен, ел Президенті оның орындалуын төтенше жағдай режиміне байланысты созылып кеткендігін де жасырмады. Қасым-Жомарт Кемелұлы осыған орай шешім қабылдайтын кезеңнің келгендігін айта келе Үкіметке аталған тапсырма бойынша жұмыстарды нақтылап, нәтижесін 1 шілдеге дейін жария ету керектігін нақты атап өтті.
Аңғарғанымыздай биылғы жоспар өте ауқымды. Бірақ өткен жылы атқарылаған жұмыстар да ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, 2019 жылы зерделеу жұмыстарының нәтижесінде елімізде төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған 340 мыңдай әлеуметтік аз қамтылған жанұя бар екендігі анықталған. Солардың 31 000-нан астамы баспанаға мұқтаж отбасы ретінде әкімдіктерде ресми түрде тіркелген. Баспанаға мұқтаж жандардың санын азайту мақсатында былтыр «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы төрт мың отбасы үйлі болып, қоныс тойын тойлаған. Биыл олардың саны артатын болады. Себебі, Президент бастамасымен қолға алынған «5-10-20» атты бағдарламаның шарттары мен талаптары өте тиімді. Бағдарлама аясында кредиттеудің ставкасы 5% болса, баспанаға қол жеткізу үшін пәтер құнының 10%-ын бастапқы жарна ретінде салсаңыз жеткілікті. Ал, несие 20 жылға дейін берілетін болады.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: