Шабындыққа шалғы түсті
Ілгеріде жасы шау тартып қалса да шалғысын тақымына қысып, арбасын атына жегіп аталарымыз азанда жар арық бойын жағалап, бидайығы мен өлең шөбі тұнып өскен қойнауға кіріп алып шалғысын құлаштай сілтеп балғын шөпті шауып жататұғын. Бұл ауыл халқының : «Қыс қамын – жаз ойла» деген аталы сөзді ұмытпай шілдетерін ағызып, азын-аулақ малына қысқы азық дайындауға кірісетін қарбалас шағы еді-ау. Ал, қазір білегін сыбанып, балағын түрініп, шалғысын қайрап, ешек арбасын сайлап, қыр асып барып шөп әкелетін қазақтың қара шалдары бар болса, шанда біреу шығар-ау.
Десек те, шөптің буыны қатып, беде біткен көкбас тартып, жусан мен кекіренің, жалбыздың иісі аңқитын мезгіл келгенін бүгінгінің пішеншілері де қалт жібермей, қолда бар техникасын сайлап алып, шабындыққа шыққалы да бір жетінің жүзі болып қалды. Біз Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты «Былабай», «Жарарық», «Жетітөбе» алқабына келгенімізде маусымның аптап ыстығына қарамай, пішен шауып жүрген шөпшілер қосынында еңбек қарқын алған шақ екен. Бүкіл аудан осы ауылдың дайындаған тай-тай шөбін қымбат болса да бағасына қарамай сатып алып жатады. Өткен күз бен қыс айлары кезінде тайланып буылған бір түктің бағасы мың теңгеге дейін барды. Осы ауылда 26 шөпшілер бригадасы бар. Солардың ішінде еңбек өтілі де, тәжірибесі де мол осы Болат Молдабаев шығар-ау. Ол өзіне тиесілі шабындықты шаппас бұрын алдымен елдің иелігіндегі жерге шалғы түсіреді. Өйткені, ауылдың биі, жақында ғана «Тылдағы ерен еңбегі үшін» және «Ауданның құрметті ардагері» медальдарын алған жасы 81-ді еңсерген Тілеуқабыл Елшібаевтың жоңышқалығын шауып, шөбін тайлап, буып беріпті. Ол кісі жасына қарамай біз барғанда шабындық басында жүр екен. Шөпшілерге алғысын айтып, батасын беріп отырған үстінен түстік.
– Балаларымнан айналайын, осы алқаптағы отыз үйдің жерін осы Болаттың жігіттері шауып беріп жүр. Енді шөбімізді үйімізге жеткізіп алған соң, танапты суару үшін Жәміш мұрапқа судың кезегіне тұрамыз. Ол да суға кезек құрып қойған, алдымен жаңадан егілген жоңышқалыққа су береді. Қарақыстақтың суы бәрімізге де жетеді. Бәрін айт та бірін айт, дер кезінде шауып алған көкбалауса шөп қыста малға да жұғымды азық болады,- дейді Тілеуқабыл қария.
Біздің жанымыздан Досжан Оразовтың «Германкасы» жап-жасыл шалғынды жамсатып өте шықты. Оған жалға алған жеріндегі жүйекті қоғамдап жүрген Қуат Мырзалиев те дән риза. Өйткені, ол бір жарым гектарға ораналасқан пішендігінен биыл 300 түк шөп алып, қуанып жүр. Оны тайлап, буып тастап жүрген тракторшы Серік Қожалақовқа ол оқтын-оқтын рахметін айтып қояды. «Санат» шаруа қожалығының жетекшісі Болат Шайлазұлын бұл ауылдың үлкен-кішісі құрмет тұтып, сыйлайды. Өйткені, ол алдына кім келсе де меселін қайтармайды. Оның екі тракторы бір тәулікте он гектар алқаптың пішенін шауып, мың түктен аса мал азығын дайындайды екен.
Иә, жаңатұрмыстық пішеншілер шабындыққа жаңадан шалғы түсірді. Олардың шапқан шөбін «сатып алам» деушілер де көп. Осы ауданның Құмарық аймағынан, Жуалы ауданы мен Шымкент өңірінен қысқа азық сатып алуға келіп жатқан алымсақтар да бар. Қазір шабындыққа он екі шалғылы агрегат пен жеті пресс яғни тайлап буушы механизм шықты. Жауапты науқанды «Құлбарақ» шаруа қожалығының механизаторлары да ұйымшылдықпен бастады.
Сонымен, іске сәт, делік. Мал азығын дайындау да ауылшаруашылығындағы жауапты науқандардың бірі екендігінде дау жоқ.
С.Қожеке.
Суреттерде: шалғылы агрегаттың жүргізушісі Досжан Оразов; «Санат» шаруа қожалығының жетекшісі Болат Шәйлазұлы Молдабаев пен тайлап бууышы механизмді жүргізетін механизатор Серік Қожалақовтың істеген жұмысының сапасын тексеріп тұр.
Сурет автордыкі.