Халықтың мұқалмас рухы
Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер. «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы», — деген еді Елбасы мемлекеттік рәміздерге қатысты сөйлеген сөзінде. Мемлекет басшысының осы сөздерін қазақстандықтардың барлығы жүрек түкпірінде сақтап, әркез жадында ұстағаны жөн. Өйткені, рәміздер елдің өзіндік өмір салтын, болмыс-бітім ерекшелігін, өзгелермен байланыс орнату мұратын білдіретін айрықша белгі болып табылады.
Қазақстанда өз егемендігін жариялаған кезде оны ең алдымен тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдау арқылы бекітілді. Тәуелсіздігін енді жариялаған еліміз үшін мемлекеттік рәміздерді қабылдау расында да жеңіл бола қойған жоқ. Мемлекеттік рәміздерді қабылдауда Елбасының рөлі ерекше болғанын атап өтуіміз керек. Әнұран мәтініне жекелеген түзетулер енгізді. Термин сөздердің қазақ тілінде пайдалануына баса назар аударды. Соның нәтижесінде «елтаңба», «әнұран», «рәміз» сөздері бүгінде кеңінен қолданылып жүр… Содан бергі кезеңде Қазақстанның мемлекеттік Туы олимпиадалар мен түрлі халықаралық спорт жарыстарында талай мәрте желбіреді, Әнұранымыз да талай мәрте ойналды. Аспанкөк Туымыз ғаламшардың ең биік шыңдарына да, Арктика мен Антарктидаға да, тіпті ғарышқа да тігілді. Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені, онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазіргі кезде еліміздің Әнұраны мәтінін білмейтін жан кемде-кем. Ол насихаттың жемісі десек, қателеспейміз.
Рәміздер балабақшаларда да, мектептерде де, жоғары оқу орындарында да, мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында да көрнекті орындарға орналастырылған. Балабақша бүлдіршіндері оң қолының алақанын жүрек тұсына қойып композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» гимін шырқағанда ерекше бір сезімге бөленетінің, жігерленіп қанаттанатының рас. Бұл ел болашағы – жастардың өз Отанын, өз жерін, өз елін қорғауға деген сезімін оятып, сенімін нығайтатыны анық. Балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушылары еліміздің Әнұраны мәтінін ата-аналарынан да жақсы біледі десек, дұрыс айтқан болар едік.
Жасыратыны жоқ, кейде мемлекеттік рәміздерді құрметтемеу сияқты келеңсіз жайлардың орын алатыны бар. Бір жақсысы, ондай оқиғаларды ұлтжанды азаматтарымыз дер кезінде байқап, оған тиісті мекемелердің назарын аудартты. Әлгілерге заңнамаға сәйкес шара қолданылды. Ауданымыздағы мекемелердің айтарлықтай толығымен жаңа стильдегі латынша қаріппен «QAZAQSTAN» түріне ауыстырылған. Ауыстырылмаған мемлекеттік рәміздерді 2020 жылдың соңына дейін ауыстыру жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда.