ТҮЛЕКТЕРДІҢ ТАРТУЫ
Биыл пандемияға байланысты бірқатар іс-шаралар өзге форматта өрбіді. Соның бірі – соңғы қоңырау мерекесі. Алайда биыл мектептерде төтенше жағдайға байланысты сағындыра күткен іс-шара өкінішке орай өтпеді. Бірақ соған қарамастан, өрнектік түлектер жақсылық жасаудың нағыз үлгісін көрсетті.
Өрнек ауылына газ құбыры әлдеқашан тартылып, тұрғындардың көгілдір отынның жылуын сезініп келе жатқанына біраз жылдың жүзі болып қалды. Дегенмен, қыс мезгілі түсе салысымен қолына қалағын алып, күн көзі шықпастан күл шығарып жүрген тұрғындар әлі де болса арамыздан табылып қалады. Солардың бірі жалғызілікті ана – Эльмира Жұмабекова.
Жағдайының жоқтығынан үйіне газ кіргізе алмай жүрген Эльмира Жұмабекова биылғы қысты енді еш қиындықсыз қарсы алатыны анық. Себебі, оның үйіне Алғабас орта мектебін осыдан 20 жыл бұрын тәмамдаған түлектер газ кіргізіп беріп, отбасы мүшелерін үлкен қуанышқа бөледі. Тек газ құбырын ғана кіргізіп қоймай, оған қосымша керекті құрылғыларды да сатып әперді. Осылайша мектеп бітірген түлектер жиналған ортақ ақшаны далаға шашпай, керісінше, сауапты іске жұмсауға да болатынын үлгі ретінде басқаларға көрсете білді.
Өрнектік түлектердің бұл бастамасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған «Туған жерге туыңды тік» акциясына қолдау бола алады.
Жәнібек СӘДУАҚАС.